Музыкалық аспаптар - халық мәдениетінің маңызды бөлігі. Қазақ ұлттық аспаптары тек тарихи мұра ғана емес, халықтың рухани даму деңгейінің көрсеткіші, рухани байлығы, эстетикалық талғамы, музыка жасау шеберлігінің айғағы.
Қызылордалық кәсіпкер Ділманов Біржан Базарбекұлының ұлттық музыкалық аспаптар жасауда тәжірибесі мол. 2017 жылы құрылған «Жетіген саз аспаптары» ЖШС жалғыз құрылтайшысы және директоры. Компания Қызылорда облысының Шиелі ауданында орналасқан. Өз цехында 40-тан астам ұлттық құрал-аспаптар жасайды. Компанияның музыкалық аспаптары Қазақстанның барлық аймақтарында сатылады. Өнімдерін кәсіпкер тендерге қатысу және барлық әлеуметтік желілерде жарнама беру жолымен өткізеді.
Облыс орталығының тұрғындарынан сұраныс көп болғандықтан Біржан Базарбекұлы Қызылорда қаласынан ғимарат пен лазерлі станок сатып алу үшін «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ Қызылорда филиалына кеңес алу үшін жүгінді. «Даму» қоры Қызылорда қаласындағы «Өңірлік инвестициялық орталық» МҚҰ» ЖШС-мен бірлесіп, жобаның жүзеге асуына көмек көрсетті. Атап айтқанда кәсіпкер «Еңбек» бағдарламасы аясында жылына 6%-бен несие алды. Қор несие сомасының 83%-ына кепілдік берді.