Facebook WhatsApp Instagram

Қоғам

0

Ұршық ұмыт қалмасын

Әлі күнге дейін есімде. Жаздың күні. Анам түрлі тоқыма тарақтарын алып, есік алдына ұзын жіптерді қойып алаша тоқитын. Мұның барлығын нағашы әжем үйреткен екен. Олар бір шаңырақта төрт қыз еді. Әжем қыз баланың қолөнермен айналысқанын жақсы көруші еді. Сол себепті болар қыздарының бәріне осы ұршық иіруден бастап, алаша, текемет басуға дейін үйретті. "Шешемнің көзі" деп анам күні бүгінге дейін нағашы әжемнің жасаған бұйымдарын үйде тұтып қойған.
Рас, бүгінде ұршық иіріп, текемет басатындарды жиі кездестіре бермейсіз. Біз де Ұлыстың ұлы күні қарсаңында қазақы қаймағы бұзылмаған шаңырақтарды аралап, ұршық иіретін аналарымызды іздедік. Қайткенде де ауылдан табылады деген оймен бағытымызды Ақтөбе ауылына бұрдық. Көп бөгелмедік. Ауыл халқынан жөн сұрасқан соң бізге Қазына апаның үйін нұсқады. Қолына ұршық ұстап, жүнін иіріп отқан жерінен дөп түстік.
Қазына Қанибаева "Ақтөбе и К" шаруа қожалығында аспазшы болып жұмыс істейді. Маусымдық жұмыс болған соң қалған уақытын босқа өткізбейді. Жаз бойы жүнін тазартып, түтіп, иіруге дайындайды.
– Ұршық иіруді, нағашы әжемнен үйрендім. Ол кезде кіп-кішкентай баламын. Өрмек тоқуды, құрақ құрауды сол бала кезден үйрендім. Әлі күнге осы үрдіс жалғасын тауып келеді. Ұршықпен жіп иіру үшін ең алдымен жүнді шайыр, шаң тозаңнан жуып тазартады. Жайып, сабаумен ұрып сабайды. Бұл ұйысқан жүн талшықтарының арасын ажырату үшін қажет. Ең соңында жүнді қос қолдап түтіп, ұзыннан ширата отырып жіңішкелеп орап мықты тоқыма жіп алуға болады. Бұрын күн сыз еткеннен ұршық иіретінбіз. Бүгінде бұл үрдіс халық арасында толық сақталып қалмағанымен өзіміз сияқты бірең-сараң үйдің үлкендері әлі оны тастай қойған жоқ, – дейді ол.
Қазына апаның екі бірдей ұршығы бар. Бірі нағашы әжесінен қалса, енді бірін құдағайы берген. Қолындағы келіні Гүлжан үнемі жәрдем беріп отырады. Үй шаруасынан бөлек үнемі қолғабыс беріп, бір жағында жүретінін байқадық.
– Жазда жүнді бірнеше қайтара жуамыз. Себебі кей жандар қойдың иісі шығып тұрады деп жатады. Ал апам сол иісті шығармай бірнеше рет жуып, кептіріп, түтеді. Сосын күз мезгілінен бастап үйдегі балаларға шұлық тоқып береді. Қала берді тоқып сататын кездері де болады. Ауыл тұрғындары қыста жылы шұлықтың рақатын көріп, ол оған алғысын айтып жатады. Ол кісінің табиғатында қарап отыру жоқ. Үйде тандыр нан, айран, қатығын да істейді. Аспазшы болғандығынан болар, ас үйдің тамағын да дәмді етіп әзірлейтін өнері бар, – дейді келіні Гүлжан Қамысбаева.
Түйін.
Қазақылықтың қаймағы бұзылмаған кей ауылдарда ұршықтың дәурені әлі де кете қоймады. Мұны бүгін біз көрген кейіпкердің өмірінен анық байқадық. Сол себепті де ұршық жіп иіретін шағын "қол фабрикасы" болып қала бермек.
Ақнұр САҒЫНТАЙ
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: