Жаңақорған ауданында «Нәзік» гүлдер дүкені ашылды. Оған жаңақорғандық Аида Әбен ұйытқы болды. Бұл гүлдер Алматы қаласы арқылы Голландиядан тікелей тапсырыс арқылы алынса, бөлме гүлдері Түркістан, Шымкент қалаларынан жеткізіледі. Гүл дүкенінің иесі бұл іске келуге не түрткі болғанын айтты.
– Бір кәсіптің түрін бастасақ деп жолдасымыз екеуміз көптен ойланып жүргенбіз. Содан бір күні дастархан басында анамыздың ойын білмекке ұсынысымызды айтып көрдік. Сонда анам гүл дүкенін ашсаңдар жаман болмас еді деген ойын айтты. Содан ойлана келе көктемнің алғашқы мерекесіне орай анамызға тосын сый ретінде осы «Нәзік» гүл дүкенін ашқан жайымыз бар, – дейді жас кәсіпкер.
Дүкен енді ғана ашылғанымен тұтынушыларға түрлі жеңілдігі де бар. Барлық гүл түрлері нарықтағы бағадан 10-15 пайызға арзанға сатылуда, тапсырыс беріп сатып алушылар орталықта орналасса жеткізілу жағы тегін, ал былайынша 500 теңгеден басталатынын айтты. Мұнда раушан гүлдері 1500-2500 теңге, ал бөлме гүлдері 2500-3500 теңге аралығында.
Сондай-ақ, дүкен сөрелерінде десте гүлмен бірге, бөлме гүлдері, түрлі ойыншықтар, әйелдер мен ерлерге арналған арнайы сыйлық қобдишалары да көзге шалынды. Букет гүлдің әзірге екі түрі ғана шығарылыпты. Олар раушан гүлі мен хризантема. Бөлме гүлдерінің де 20-дан аса түрін осы жерден кездестіресіз.