Өткен жылы Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау департаментімен тарифтерді бекіту бойынша өтінімдерді қараудан болған экономикалық тиімділік сомасы 2,3 млрд. теңгені құраған.
Сонымен қатар, департаментпен 2016 жылы тарифтік сметалардың және инвестициялардың орындалуын талдау қорытындысы бойынша 23 табиғи монополия субъектілеріне 42 уақытша өтемдік тарифтер енгізіліп, 967,8 млн. теңге тұтынушылар қоржынында қалған.
Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Қызылорда облысы бойынша Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау департаментінің басшысы Н. Пірімов хабарлады.
«2016 жылы Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау департаментіне 34 табиғи монополия субьектілерінен тарифтерді қарауға өтінімдер түсіп, оның ішінде: 22 субъектіге ұсынылған құжаттардың қолданыстағы нормативтік-құқықтық актілердің талабына сәйкес келмеуіне байланысты қараудан бас тартылса, 5 субъекті өтінімдерін қайтарып алды және
7 субъектінің тарифтері бекітілді. Сонымен қатар, 2015 жылы «Қызылордажылуэлектрорталығы» МКК, «ҚЭТТК» АҚ және «Қызылорда су жүйесі» МКК-ның тарифтері ұзақ мерзімді 5 жылдық кезеңге бекітілді. Осының нәтижесінде су, жылу және электр энергиясы бағасының тарифтері өзгермейді» - деді департамент басшысы.