Ағымдағы жылғы 29 сәуірде Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасына «КВАНТ» ЖШС-нен «ҚазТрансГазАймақ» АҚ Қызылорда филиалының кәсіпкерлік қызметті жүргізуге қатысты кедергі келтіріп отырғандығы баяндалған және аталмыш жайт бойынша көмек көрсетуді сұраған өтініш келіп түскен болатын.
Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасы баспасөз қызметінің хабарлауынша, «КВАНТ» ЖШС-і Ресейден есептегіш құралдарын алдырып, Қызылордада таратпақшы болады. Аталмыш есептегіш құралдары Қазақстан Республикасының өлшеу құралдарының тізілімінде тіркелген. Мұны «Қазақстандық метрология институты» республикалық мемлекеттік кәсіпорны да растады. Мұнымен қоса, Қазақстандық метрология институты жоғарыда аталған есептегіш құралын тіркеу барысында барлық заңдылықтардың сақталғандығын да жеткізді.
Алайда, «ҚазТрансГазАймақ» АҚ Қызылорда филиалы есептегіштің куәлігінде ресейлік мекен-жайдың жазылғандығын алға тарта отырып, газға арналған бұл есептегіш құралдарын пайдалануға рұқсат бермейді. Өз кезегінде Кәсіпкерлер палатасы Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетіне қолданыстағы заңға сәйкес түсіндірме беру жөнінде, «ҚазТрансГазАймақ» АҚ Қызылорда филиалына есептегішті пайдаланудан бас тартудың себептерін көрсету туралы хат жолданды.
ҚазТрансГазАймақ» АҚ Қызылорда филиалымен ұсынылған жауапта мекеме газды есептеуге арналған құралдарға қатысты қарсылықтары жоқ екендігін хабарлады. Бүгінде «КВАНТ» ЖШС-нің мәселесі оң шешіліп, кедергісіз жұмыс жасауға мүмкіндік алды.