Жақында Қазалы ауданының тұрғыны Гүлзат Көшерова жаңа жиһаз цехын ашып, жеке кәсібін бастап кетті. Бұл саладағы алғашқы қадамын жасауға Қызылорда облысында жаппай кәсіпкерлікті дамыту жылының септігі тиді.
Көптен бизнес ашуды жоспарлаған Гүлзат Жаниязқызы өткен жылы «Бизнес Кеңесші» жобасы бойынша оқу курсынан өтіп, мемлекеттік бағдарлама аясында «Қызылорда Өңірлік Инвестиция Орталығы» ЖШС-нен несие алды. Қазіргі таңда жаңа жиһаз цехы әр түрлі формадағы ағаш өнімдерін дайындауда. Кәсібін жаңа бастағанына қарамастан аудан тұрғындарынан тапсырыстар көп түсуде.
– Мен кәсібімді бастау үшін алдымен жеңілдетілген несие алдым. Бастапқыда ісіміз алға басса жақсы, ал шығарған тауарларымыз өтпесе не істейміз деп қобалжығанымыз рас. «Көз қорқақ, қол батыр» деген рас екен, көп уақыт өтпей алғашқы тапсырыс та түсті. Қазір тапсырысқа қарай үстел, орындық, шкаф жасап жатырмыз. Сапасы жақсы, бағасы арзан жиһаз болған соң сатып алып жатқандар бар, – дейді жас кәсіпкер.