Facebook WhatsApp Instagram

Қоғам

0

Жастық шақтың қадірін біл

Адам өмірі үш бөліктен тұрадаы. Балалық шақ, жастық шақ және қарттық шақ. Жастық шақ – адам баласының ең тартымды әрі ең белсенді кезеңі. Өмірдің шыңы, қайрат-жігерге толы, жалындаған шақ. Тепсе темір үзер күш-қуаты тасып тұрған тәуекелге толы кезең. Бұл жаста адам зерттелмеген жаңа көкжиектерді анықтауға, биік армандарға жетуге тырысады.

Жастық шақ – қайтып келмейтін көктем, ағысы өзгермейтін өзен, сондай-ақ, аспанда тек бір рет қана жарқ етіп көрінетін жұлдыз. Осы бір құнарлы кезеңнің көктемінде жас топыраққа егін егіп үлгеріп қалмасаңыз күзде мол өнім күтпей-ақ қойыңыз. Жастық шақтың ең айқын ерекшеліктерінің бірі - рухани жетілу мен кемелдікті қабылдауға дайын болуы. 
Құранда: «Ол Алла, сендерді болымсыз күйден жаратты, сосын сол әлсіздіктен соң күш-қуат берді. Сосын әлсіздікпен  кәрілікте күш-қуатыңды қайта алды», - деген аят бар. Осы аятта Алланың айтып отырған күш-қуаты - ол жастық, адамның қажыр-қайраты артып, ойының тұнық та сергек болған кезеңі. Осы кез адам өмірінінде күннің көтеріліп келе жатқан шуағы тәрізді. Ол таң сәресіндегі күннің сәулесі тәрізді, келешекке мақсат қойған, сол арманына жету үшін бойы шабытқа толы, адам ойлау сезімінің толықсыған кезеңі. Жастық ол адам өмірінің  шырқау шыңы, міне сол үшін де қиямет-күні адам өмірін қалай сүргендігі туралы сұрау болған кезде, ең әуелі сен жас күніңде не бітірдің  деген сауал міндетті түрде қойылады.
Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Қиямет күні әрбір құлдан төрт нәрсе сұралмайынша ол тұрған орнынан қозғалмайды. Бірінші, ол өмірін қалай өткізді? Екінші, жас күнгі күш-қайратын қайда жұмсады? Үшінші, ол білген біліміне қайсысына  амал қылды?  Төртінші, ол нәсібесін қалай тапты және қайда жұмсады?» - деген хадисі бар.
Шүкір дейміз Аллаға, егеменді еліміздің іргесі бекіп келеді. Дініміз, тіліміз иелігімізге тиіп, арқамыз кеңіп қалды. Қазіргі жастарға діннің де, өнермен білімнің де есігі ашық. Ауылдық жерлерге мешіттер соғылып, дін үйіңіздің іргесіне келді. Шетелдің ең үздік оқу орнында оқып келем десең де, өнер-білімнің есігі ашық. Осы күнді күні кеше өткен ата-бабаларымыз армандап өткен. Қазіргі жастардың уақыты дін үйреніп, өнер-білімге құштарлық  танытанын кез. Жастар өз күңін күйтеген өзімшіл, нәпсінің құлы емес, Құран аяттарында сипатталғандай иманды, ел қажеттілігіне жарайтын ізгі істер қылатын тұлға болып қалыптасуы тиіс. Сол кезде ғана олар қиямет күні Алланың сауалына ұялмай жауап бере алады.
Мән беріп қарасақ, Алла Тағала Құранда жастық жігерін ізгілікке, адамзаттың екі дүниесіне қайыры тиетін істерге жұмсаған пенделерін үлгі қылады. Мәселен, пайғамбарлардың атасы болып саналатын Ибраһим пайғамбар жас кезінде сол уақыттағы жастарға тән ой ойламады, адасқан қауымның жетегінде кетпеді. Бізде осы жастық туралы түсінік ақсанқырап тұр. Оның негізгі себебі әлбетте діннен алшақ қалып, ата-бабамыздың бойында болған иман тәрбиесінің бүгінгі күнде жоғалтып алу себебінен болып отыр. Жастарымыздың басым бөлігі (әлбетте, бәрі емес, көпке топырақ шашуға болмас) күші тасыған, ой-өрісі дамыған, нағыз сауап іздейтін кезеңдерін  бос жіберіп жүр. Имандылықпен, өнер-ғылыммен, елге пайдасы тиетін кәсіппен, спортпен шұғылданып, салауатты өмір сүрудің орнына, ішкілікке әуестеніп, нашақорлыққа үйір болуы тағы бар. 
Адам жас өмірін өнер-ғылымға жұмсамай, «шырылдауық шегіртке» тәрізді, ойран-асыр, той-думанмен өткізсе, отызында орда бұзбақ түгілі, күшенсе де қырқында қамал ала алмайды. Ол өзінің ең қуатты кезеңің бос өткізеді. Сол үшін де атамыз қазақ айтады «Болар бала он алтымда баспын дер, болмас бала жиырма бесте жаспын дер».
Он алты жасында ақын атанып, жиырма жеті жыл ғана ғұмыр кешкен Сұлтанмахмұт Торайғыров осы қысқа ғұмырында өз заманындғы жастарға үлгі-өнеге бола білді.
Қараңғы қазақ көгіне
Өрмелеп шығып, күн болам,
Қараңғылықтың кегіне,
Күн болмағанда, кім болам?! - деп, Сұлтанмахмұт жасынан-ақ алдына биік мақсат қоя білді. Хәкім Абай атамыз айтқандай қолымызды мезгілінен кеш сермеп кешігіп қалмас үшін жас кезде ілімге мән беріп, талаптанып іздену керек. Сонда ғана келешігіміз кемел болып, елге береріміз мол болады. Алла елімізде иманды жастардың санын арттырсын деп тілеймін.
Әбдіхалық НАМЕТОВ,
Жаңақорған ауданының бас имамы
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: