Көзім неге қыши береді? Осы жөнінде қандай ақыл-кеңес бере аласыздар?
Мақсат.
Көз немесе көз алмасы үш қабаттан тұрады. Олар: сыртқы (ақ түсті), ортаңғы (тамырлы), ішкі (торлы). Жанардың аллдыңғы бөлігіндегі сыртқы қабығы мөлдір мүйіз қабыққа айналады, одан кейінгі ортаңғы қабықта көзді қоректендіретін қан тамырлары шоғырланған. Көз алмасының алдыңғы бөлігіндегі тамырлы қабық түсі әртүрлі (соған қарап көз түсін анықтайды) нұрлы қабыққа (мөлдір мүйіз қабықтан нұрлы қабық анық көрінеді) айналады.
Көздің бірқалыпты көруін сақтау
Оған қол жеткізу үшін тиісті гигиеналық талаптарды қатаң сақтау қажет, онсыз көз талады, бұлдырап, шаншылып ауырады, содан бас сырқырайды. Көздің шаршауына басты себептердің бірі жұмыс орнында жарықтың жеткіліксіздігі, яғни біркелкі жарықтың болмауы, немесе жарықтың мөлшерден күштілігі. Электр шамының қызған қылы тым шақырайып көзге зиянын тигізбесін десеңіз қалпақты, күңгірт не ақ түсті шамдарды пайдаланыңыз. Жұмыс істеп отырғанында шам адамның сол жағында тұруға тиіс. Қағаз жазғанда, кітап оқығанда тым еңбектеп жатып, шұқшиюға, қағазды көзге тым жақын ұстауға болмайды. Кітапқа тым еңкейіп қарау омыртқаны қисайтып, алыстан көрмеушілікке ұшыратады. Көзден қағазға дейінгі аралықтың 35-40 сантиметр болуы шарт. Телехабарларды көргенде экраннан 2,5 метр алысырақ отырған дұрыс. Транспортта кітап, журнал, газет оқуға болмайды. Өйткені оны ұстап отыру ыңғайсыз, әрі оқуға жарық жеткіліксіз.
Көздің аурулары мен жарақаты
Көздің кейбір аурулары инфекциялық сипатта. Олар: коньюктивит, трахома және тағы басқа. Негізінен, инфекция жұғатын заттар: жамылғы-төсеніш, сүзгі, бет орамал. Әрине, олар таза болса, зиянды емес. Сондай-ақ, көп жағдайда инфекция кір қолдан да түседі.
Көзді аман сақтауда тазалық гигиенасының маңызы өте айрықша. Адам қартайғанда да көзі қарауытады, ол катарактаға ұшырайды. Егерде адам көзіндегі сұйықтың қалыпты айналу жағдайы бұзылса, көз ішінің қысымы жоғарылайды, глоукома ауруы пайда болады. Адамның ішкі органдары сырқатқа шалдықса да ол көзге әсер етеді. Орталық және шеткі жүйке жүйесі, жүрек-қан тамырының жүйесі ауырса да, адам уланса да, ағзадағы зат алмасу бұзылса да, ішкі секреция бездері зақымданса да, көз маңайында ауру процесстері басталса да көзді ауыртады. Бір көздің жарақаттануы екінші көзге де әсер етеді. Сондықтан да дереу дәрігерге қаралу қажет. Көзге абайсызда сілті, қышқыл тиіп күйдірсе оны дереу кранның суына тосу – алғашқы жүзеге асырылатын шара болып саналады.
Көздің көруінің нашарлауынан, оның сәуле сындыру күшінің ақауларынан (алыстан көргіштік, алыстан көрмеушілік, астигматтық, дальтонизм) пайда болатын және іштен туа біткен көз аурулары көп. Кейінгі жылдары іштен туа біткен ауру – су қараңғы (глаукома) мен көз жарақаттары жиі кездеседі. Көз ауруларының пайда болуына механикалық (әр түрлі жарақаттар алу, т.б.), физикалық (шаң-тозаң, үшнитротолуол тозаңдары мен булары, т.б.), химиялық (күкіртті сутек, мышьяк, т.б. әсері) және физикалық – химиялық (ультракүлгін, инфрақызыл сәулелер, жарық, т.б.) факторлар әсер етеді. Көз ауруларының жиі кездесетін түрлері: басыр, бленнорея, катаракта, коньюктивит, көзге ақ түсу, т.б.Көзге ақ түсу, лейкома (Leu coma corneae) – көздің қасаң қабығының ауруы. Бұл, көбінесе, жарақаттанудан, қабынудан, көзге шыққан түрлі жарадан болады. Қызылша, шешек, туберкулез ауруларының асқынуынан қасаң қабықта ақ дақ пайда болып, ол кейде беріштеніп бітуі мүмкін. Мұның салдарынан көздің көруіне нұқсан келеді. Көздің көруі қасаң қабықтың қай жеріне ақ түскеніне, оның көлеміне байланысты. Егер ақ қарашыққа түссе, адам көрмей қалады. Көзге түскен ақ дәрі-дәрмекке жазылмаса, оған хирургиялық операция жасалады. Ішкі органдар мен жүйелердің аурулары да көз ауруларына әкеледі. Мысалы, қоян көз, бадырақ көз, Аргайлл Робертсон белгісі, т.б. Емделмеген көз аурулары көздің көруін нашарлатып, соқырлыққа да әкелуі мүмкін.
Көз қызарса
Кәдімгі пиязды (репчатый) суда қайнатып, аздаған бал немесе бор қышқылын қосады да, көзді күніне сонымен 4-5 рет шаяды. Екінші тәсіл: шыны ыдысқа екі шай қасық жолжелкеннің (подорожник) піскен дәнін сеуіп, үстіне екі шай қасық салқын су құяды. Араластырып, тағы да алты ас қасық қайнаған су қосады. Суығанға дейін шайқап тұру керек. Сүзгіден өткізіп, көздің қабынған тұсына дәкеге малып басады.
Көзілдірік кию
Көздің көруі нашарлағанда дәрігер кеңес берсе, дереу көзілдірік киген дұрыс. Көзілдірікті дер кезінде кию, оны дұрыс таңдап алу көздің бірқалыпты көруіне жәрдемдеседі. Үнемі көзілдірік киіп жүретін адамдар оны пайдаланбаса басы ауырады, көзі суырып, мазасы кетеді. Көз шаршаса адамның жұмыс қабілеті де төмендейді. Көзілдірікке қойылатын талаптар: оның құлақ қыстырмасы самай мен құлақты қыспасын; тіреу табақшасы мұрынның екі жағына дәл келсін; көзілдірікті тек қана жұмсақ шүберекпен сүрту керектігі ешқашан естен шықпасын; көзілдірікті кигенде екі көз де әйнектің дәл ортасынан қарайтындай болсын; ал әйнек көзден бірдей қашықтықта орналассын.
Көзді күн көзінен сақтау үшін әйнегі күңгіртін киеді. Аса күшті жарықта жұмыс істейтіндер арнайы қорғаныш көзілдірік тағады.