Тіркеу және тіркеуден шығару жүйесіне жаңалықтар енгізілді
2015 жылғы 01 қаңтардан бастап Қазақстан Республикасында жаңа редакциядағы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексі күшіне енді. Қазақстан Республикасы азаматтарының жеке басты куәландыратын құжатсыз немесе мерзімі өтіп кеткен жеке куәлікпен жүргені үшін, тұрғылықты жері бойынша тiркеуден өту тәртібін бұзғаны үшін Кодекстің 492-бабының нормаларының санкциялары өзгертілді.
Көші-қон полиция басқармасы бастығының орынбасары полиция подполковнигі С.Қамитбековтің айтуынша, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Қазақстан Республикасы азаматтарын құжаттандыру және тіркеудің өзекті мәселелері бойынша бірыңғай ақпараттық жүйесін жаңалауды тәжірибелік қызметке енгізу жоспарлануда.
Мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінің «Мекенжай тіркелімі» ақпараттық жүйесінен деректерді қолдануына толық көшуі бойынша ведомствоаралық іс-шаралар жоспарының шеңберінде, Астана және Алматы қалаларында ағымдағы жылғы мамырдан бастап «ХҚТ ТП», «Мекенжай тіркелімі» ақпараттық жүйелері мен Әділет министрлігінің «Жылжымайтын мүлік тіркелімі» ақпараттық жүйесін біріктіру бойынша пилоттық жоба қолданысқа енгізілді. Азаматтарды тіркеу және тіркеуден шығару кезінде ақпараттық жүйелерде мекенжайлардың бірыңғай коды қолданылатын болады.
Жоспарға сәйкес 2015 жылы Ішкі істер министрінің бұйрығымен халыққа мемлекеттік қызмет көрсету стандарттары бекітілді. Онда Халыққа қызмет көрсету орталықтарында азаматтарды қабылдауды жүзеге асыратын көші-қон полициясы қызметкерлерінің жұмыс кестесіне өзгеріс енгізілгенін, азаматтарды эксаумақтылық бойынша құжаттандыру принципі нормативі бекітілгенін («Қазақстан Республикасының халқын құжаттандыру және тіркеу мәселелері бойынша мемлекеттік көрсетілетін қызметтер стандарттарын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы ІІМ-нің 2015 жылғы 10 сәуірдегі №332 бұйрығы алғаш ресми жарияланған күнінен бастап күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) хабарлаймыз.