Бүгін Қызылорда қаласында «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында 50 пәтерлік 6 тұрғын үй пайдалануға берілді. Яғни, 300 отбасы баспаналы болды. Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев пен «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ-ның басқарма төрағасы Қуандық Бишімбаев пәтер иелерін қоныс тойларымен құттықтап, баспана кілтін салтанатты түрде табыстады.
- 2015 жылы бүкіл әлемді шарпып отырған экономикалық дағдарысқа қарамастан елімізде «Нұрлы Жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында тұрғын үй құрылысы өз жалғасын табуда. Бұл бағдарлама халықтың, әсіресе, аз қамтылған азаматтар мен жас отбасыларының баспанаға деген сұранысын қамтамасыз етудің бірден бір жолы болып табылады. Бүгін, міне, жаңа пәтер иелері «Нұрлы Жол» бағдарламасының алғашқы жемісін көріп отыр. Қуаныштарыңыз құтты болсын!, -деді облыс әкімі.
Аталған 300 пәтердің ішінен 225 пәтер «Халықтың барлық санаттарына арналған тұрғын үй» бағыты бойынша үлестірілсе, қалған 75 пәтер жергілікті атқарушы органдарда кезекте тұрған тұрғындар арасында үлестірілді.
«Бәйтерек» ҰБХ» АҚ-ның басқарма төрағасы Қуандық Бишімбаев пәтер иелерін қуаныштарымен құттықтап, елімізде тұрғын үй құрылысының артатынын айтты. – Бүгін 300 пәтердің кілтін табыстап отырсақ, «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында жыл соңына дейін тағы мыңдаған пәтер пайдалануға беріледі деп жоспарлап отырмыз. Міне, қазір тағы жаңа тұрғын үйдің құрылысын бастамақпыз. Бұл кезекте тұрған азаматтар жақын арада қоныс тойын тойлайды деген сөз,-деді Қ.Бишімбаев.
Жалпы, Сыр өңірінде биыл тұрғын үйлердің және инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымдардың құрылысына 4,2 миллиард теңге қаржы қаралған. Қомақты қаржыға 44,4 мың шаршы метр болатын 660 пәтерлі 13 тұрғын үй салынады. Сондай-ақ, 158,5 шақырым инженерлік желілердің құрылысы жүргізіліп, пайдалануға берілді. Аталған баспаналардың 540-ы несиелік тұрғын үй болса, 120-сы кезекте тұрғандарға үлестірілмек.
Бұған қоса, «Қазақстан ипотекалық компаниясы» Ипотекалық ұйымы» арқылы кезекте тұрған азаматтарға арналған жалға берілетін тұрғын үйлер құрылысын салуға Қызылорда қаласынан 3 жер телімі берілді. Аталған жерге 68,6 мың шаршы метр құрайтын 1130 пәтерлі 21 тұрғын үй тұрғызылатын болады. Ал «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры арқылы салынатын 17,2 мың шаршы метр тұрғын үйдің құрылысы қарқынды жүргізілуде. Шүкіров көшесінде 210 пәтерлі 35 тұрғын үй тұрғызылады. Тұрғын үй құрылысына жалпы 3400-дей жұмысшы тартылған.