КЕҢЕС 150-ДЕН АСА КӘСІПКЕРДІҢ ҚҰҚЫҒЫН ҚОРҒАП ҚАЛДЫ
Бұл жөнінде кәсіпкерлер алдындағы есепті кездесуде Кәсіпкерлер палатасы директорының міндетін атқарушы Дархан Мырзалиев айтты.
Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметінің хабарлауынша, Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасының жанында бизнес өкілдерінің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету мақсатында құрылған тұрақты жұмысшы орган – Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау кеңесі жұмыс жасайды.
Ай сайынғы Кеңес отырыстарында кәсіпкерлік субъектілерінің заңды мүдделерін шектеуге, мемлекеттік органдардың әрекеті немесе әрекетсіздігіне байланысты орын алған нақты жағдайлардың шешілу жолдары қарастырылады.
2014 жылғы 22 қаңтарда құрылған кеңес құрамына құқық қорғау органдары, кәсіпкерлік субъектілерінің, Бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, заңгерлер мен қоғам қайраткерлері енгізілген.
Есепті кездесуде Дархан Мырзалиев: «Бүгінгі күнге дейін Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау кеңесінің 8 отырысы өткізілді. Кеңес отырыстарында жүйелі түрде қалаптасқан кәсіпкерлерге байланысты 23 проблемалық мәселелер қаралып, нәтижесі бойынша 150-ден аса кәсіпкердің заңды мүдделері қорғалып, құқықтары қайта қалпына келтірілді. Кеңес отырыстарында қаралған мәселелердің басым бөлігі сәулет және қалақұрылысы мен жер қатынастары салалары бойынша жергілікті атқарушы органдарының әрекетіне, сонымен қатар, мемлекеттік органдар тарапынан көрсетілетін мемлекеттік қызмет түрлеріне байланысты» - деді.
Кеңестің нәтижелі жұмысының мысалы ретінде жергілікті атқарушы органмен жер учаскесін заңсыз алу мәселесіне қатысты жеке кәсіпкер Айдарбек Махановтың өтінішін атап өтуге болады. Аталған мәселенің Кеңесте қаралу нәтижесінде 129 кәсіпкердің құқықтары қалпына келтірілді – Кәсіпкерлер палатасының қызметкерлерімен жер учаскелерін нысаналы мақсатында пайдаланылмағаны үшін жер учаскелерін мәжбүрлеп алу туралы қаулысының заңсыздығына орай күші жойылды.
Сонымен қатар, «Кеден Сервис» ЖШС-на қатысты 350 млн. теңгеден аса сомада заңсыз қосымша есептелген кедендік төлемдер, салықтар мен өсімпұл төлеу туралы хабарламаның күші жойылды.
Жалпы, Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасы бизнесті қорғауда стартегиялық серігі болып табылатын прокуратура органдарымен өзара тығыз қарым-қатынас орнатқан.