Facebook VK WhatsApp Instagram

Қоғам

0

Қызылордада жарық бағасы өсуі мүмкін


«Достық» үйінде Табиғи монополияларды реттеу комитетінің облыс бойынша департамент басшысы Гүлмира Өтегенованың төрағалық етуімен жария тыңдау өтті. Аталған шара бір ғана мәселеге – «Энергосервис» ЕЖШС-ның электр энергиясымен жабдықтау қызметі бағасын өзгертуге арналды. Оған депутаттар, жергілікті атқарушы және мемлекеттік органдар, бұқаралық ақпарат құралдары, үкіметтік емес ұйымдар өкілдері қатысты.
«Энергосервис» ЕЖШС-ның директоры Еркебұлан Есенбаев хабарлама жасап, өзі басқаратын құрылымның электр энергиясымен жабдықтау қызметі бағасын алдағы уақытта өзгерту туралы ұсы­ныс түсірілгенін жеткізді. Ұсы­ныс ҚР Ұлттық экономика ми­нистрінің 2017 жылғы «Қо­ғамдық маңызы бар нарықтарда баға қағидаларын бекіту туралы» бұйрығына сәйкес беріліп отыр. Серіктестік басшысы мұндай қадамға баруға мәжбүр етіп отырған нақты себептерді атап өтті.
Бүгінгі таңда еліміздегі электрстанциялар өндіріп жат­қан электр энергиясы 5,7%-ке, электр қуатының жүктемені көтеруге әзірлігін қамтамасыз ету бойынша көрсететін қыз­метінің құны 30,4%-ке және «КЕГОК» АҚ-ның желілері бойынша электр энергиясын та­сымалдау бағалары 12,1 %-ке өсіп отыр. Осыған байланысты «Энергосервис» ЕЖШС-ның электрмен жабдықтау қызметі бойынша қазіргі қолданыстағы тарифімен салыстырғанда жо­балық орташа босату бағасын 15,7% шамасында өзгерту ту­ралы 29 қаңтарда ұсыныс берілген.
Ұсыныста көрсетілгендей, бұл жағдайда жеке тұтынушы­ларға арналған тариф 7-8% кө­лемінде өседі. Мәселен, же­ке тұтынушыларға арналған қолданыстағы тариф қосымша құнға салынған салықты есептемегенде 15,01 теңге болса, енді 15,91 теңгеге дейін көтерілуі мүмкін. Ал заңды тұлғалар мен бюджеттік мекемелер үшін бас­қа тариф ұсынысы берілген.
Мұнан соң жария тыңдауға қатысушылар мәселеге қатыс­ты ойларын ортаға салды. Мә­селен, тарифтің өзгеруі кә­сіпкерлік нысандар өндіріп отырған өнімдер бағасына әсер етуі мүмкін. Сонымен қатар, қа­ланың бірқатар бөлі­гінде кешкі уақытта жарықтың берілуі на­шарлап кететіндігі айтылды. Оған қатысты «ҚЭТТК» АҚ өкілі Айнұр Жаналиева қа­ланың көптеген аудандарында электр желілерінің тозуына орай оларды қайта жаңғырту жұмыстары жүріп жатқанын мәлімдеді. Ал бюджеттік мекемелер үшін тариф тым қымбат болуы мүмкін деген сұраққа Г.Өтегенова Қазақстанның көп­теген облыстарымен салыс­тырғанда бізде төмен болатынын нақты деректерді келтіріп жауап берді.
Департамент басшысы ба­ғалардың өз­геруін негіз­деу­ге қатысты ұсы­нылған құ­жат­тар бойынша сараптама жұ­мыстары жүр­гізіліп жат­­қанын хабарлады. Ол жа­­рия тың­дауда айтылған сын-ес­кертпелер мен ұсыныс-пі­кір­лерді ескере отырып, соң­ғы шешім 2020 жылдың 28 ақпа­нында қабыл­данатынын жеткізді.
syrboyi.kz

Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: