Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы Қызылорда гарнизонында
Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы генерал-майор Т.Қойбақов «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының құрамалары мен әскери бөлімдеріне жұмыс сапарының жоспарына сай Қызылорда гарнизоны әскери бөлімінде болды.
Негізгі мақсат – әскери бөлімнің қысқы оқу кезеңдегі жауынгерлік, оқу-материалдық, техникалық базаларының дайындық барысы мен моральдық жай күйін тексеру. Бөлімдегі санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың қалай ұйымдастырылғанына да назар аударылды. Сапар барысында Құрлық әскерлері бас қолбасшысының комиссиясы түрлі бағыттар бойынша қысқы кезеңдегі атқарылып жатқан жұмыс нәтижелерімен танысты.
Әскери бөлімде генерал-майор Т.Қойбақов жеке құрам басшылығымен кездесті. Әскери қызметшілердің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларымен танысып, бөлімнің өткен оқу жылындағы жеткен жетістіктерін сақтап қалу жолында еңбек етуге шақырды. Техникалардың, қару-жарақтардың, техникалық қызмет көрсету пункттерінің және әскери бөлім асханасының жұмыстарына ерекше назар аударды.
«Әскери бөлімнің қару-жарақ, оқ-дәрі сияқты қоймаларын тексеріп шықтым. Тазалық пен қауіпсіздік ережелерінің жұмысы дұрыс ұйымдастырылған. Бөлімнің техникалық пунктері мен әскери қызметшілері асханасының қызмет ету сапасы да өз деңгейінде. Санитарлық-эпидемиологиялық талаптар мен әскерилердің моралдық күйі басты назарда болуы тиіс. Әскери қызметшілеріміздің жауынгерлік дайындығы, қауіпсіздігі мен әлеуметтік жағдайы үшін барлық кездесетін келеңсіздіктермен тез арада нәтижелі күрескен жөн», - деді бөлім ұжымымен кездесу барысында Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы генерал-майор Т.Қойбақов.
Сапар соңында Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Құрлық әскерлерінің Бас қолбасшысы Қызылорда гарнизоны әскери бөлімі командиріне әскерлердің күнделікті қызмет іс-шараларының сапалы орындалуына қатысты бірқатар тапсырмалар берді.
Қызылорда гарнизоны баспасөз қызметінің бастығы сержант Мұхит Қонаров