Facebook WhatsApp Instagram

Қоғам

0

Қызылордада «Сыр сақшылары – 2015» мерекелік іс-шарасы өтті

Қызылордада «Сыр сақшылары – 2015» мерекелік іс-шарасы өтті1992 жылғы 23 маусымда Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі «Қазақстан Республикасы ішкі істер органдары туралы» Заң қабылдады. Бұл – Қазақстан полициясының қызметі мен міндетін анықтайтын алғашқы құқықтық акт болатын.
2007 жылы 5 маусым күні мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өз Жарлығымен 23 маусымды Полиция күні деп бекітті.
Қазақстан полициясы күні – осы жауапты қызметті жолға қоюдың басы-қасында болғандарға, ардагерлерге және бүгінде осы қатарда еңбек етіп жүргендерге ризашылық пен алғыс сезімдерін білдіру күні. Сонымен қатар бұл күн бейбіт уақытта қазақстандықтардың тыныштығы мен қауіпсіздігі үшін өз өмірлерін құрбан еткендерге құрмет көрсету күні болып саналады.
Осыған орай, бүгін Қызылорда облыстық ішкі істер депарменті Асқар Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінде 23 маусым – Қазақстан полициясының 23 жылдығына арналған «Сыр сақшылары – 2015» атты мерекелік шара өткізді. 
Мерекелік шара барысында Ішкі істер министрі, полиция генерал-полковнигі Қасымов Қалмұханбет Нұрмұханбетұлының мерекелік құттықтау хаты оқылды. Мұнан соң сөз Қызылорда ОІІД бастығы полиция полковнигі Ж.Сүлейменовке беріліп, марапаттау бұйрығы таныстырылды.
«Қазақстан полициясы күні» мерекесіне орай, ҚР Ішкі істер министрінің бұйрығымен қызметтік міндеттерін адал орындаған 7 қызметкер марапатталды. Оның ішінде ІІ дәрежелі «Ішкі істер органдарының үздігі» омыраулық белгісімен 2 қызметкер, «Грамотамен», «Алғыс хатымен» бір-бір қызметкерден марапатталса, 3 қызметкерге алғыс жарияланды. Ал, Қызылорда қаласы ішкі істер басқармасының тұрақты мекенжайы мен төлқұжаттары жоқтарды қабылдау-реттеу орнының бастығы полиция капитаны Есеналиев Абайға «полиция майоры» арнаулы атағы бір саты жоғары берілді. Шара барысында Қызылорда ОІІД бастығы полиция полковнигі Ж.Сүлейменовтің бұйрығымен 235 қызметкер марапатталды. 
Сонымен қатар, мерекелік іс-шарада мереке қарсаңында полиция қызметкерлеріне арнап ұйымдастырылған спорттық-мерекелік жарыстардың қорытындысы жарияланып, жеңімпаздар мен жүлдегерлерді марапаттау рәсімі өтті. 
Атап айтқанда, қызметкерлердің спорттық даярлығын көтеріп, дене шынықтыру дайындығын жоғары деңгейде ұстауын қамтамасыз ету мақсатында «Динамо» спорт кешенінде дартс пен волейболдан жарыстар өткізілді. Аталмыш турнирге ішкі істер департаменті аппаратының қызметкерлері қатысты. Спорттық бәсекелердің қорытындысы бойынша дартстан І орынды Кадр жұмыстары басқармасының бөлім бастығы полиция полковнигі Ерғали Шерімбетов иеленсе, ІІ және ІІІ орындарды Техникалық қызмет басқармасының аға инженері полиция аға лейтенанты Бағдат Тлеумбетов пен «Арлан» арнайы мақсаттағы бөлініс инспекторы полиция капитаны Шәдібек Накипов бөлісті. Ал волейболдан І орынды Кадр жұмыстары басқармасы қанжығасына байласа, Жедел криминалистика басқармасы ІІ орынға, Штаб басқармасы ІІІ орынға табан тіреді. 
Сондай-ақ, осы мереке қарсаңында «Динамо» спорт кешенінде қалалық, аудандық ішкі істер құрылымдары, Қызылорда облысы департаменті қызметкерлерінің отбасылары арасында «Папам, мамам және мен – спорттық жанұя» атты эстафеталық сайыс өткізілді. Аталмыш сайысқа отбасылық команда қатысып, өз мықтылықтарын байқатты. 

 
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: