Мемлекет қызметшісі – елдің бірлігіне, тұрақтылығына, татулығына дем беретін, халықтың қамын ойлайтын тұлға. Мемлекеттік сенім мандатын арқалаған мемлекеттік қызметшілердің кәсіби мерекесі – 23 маусым. Осыған орай, бүгін Арал ауданының мәдениет үйінде салтанатты жиын өтті. Мерекелі шараға аудан әкімі Абзал Мұхимов қатысып, сөз сөйледі.
– Сондықтан, ел сенімін ақтау, үмітін артқан сан мыңдаған тағдырлардың сауап, сауалынан шығу екінің біріне жалпыға бірдей жүктеле бермейтіні анық. Оған қойылар жауаптылық та, талап та өте жоғары. Жаңа қоғамға ұмтылған бүгінгі күнде міндеттілік те күн санап түрленіп келеді.
Жақында ғана Елбасы 5 институционалдық реформасын жүзеге асырудың 100 қадамында кәсіби мемлекеттік аппаратты құру жөнінде қадап айтты. Егер әркім өз жұмысын ойдағыдай атқаратын болса, біз алға қойған барлық мақсаттарға қол жеткізе аламыз. Аралдың тиімді дамуы Сіздердің шеберліктеріңізге, жоғары деңгейдегі өнегеліктеріңізге, таңдалған іске деген адалдықтарыңызға, заңдылықты шүбәсіз ұстануларыңызға тікелей байланысты. Сіздердің арқаларыңызға аралдықтардың болашағы жүктелген. Сондықтан, еңбектеріңіздің нәтижесі халықпен жоғары бағалансын! – деді аудан әкімі.
Шараның жалғасы ҚР Мемлекеттік Әкімшілік қызметінің антын қабылдау рәсіміне ұласты. Салтанатты жиынның марапаттау бөлімінде тәжірибесі озық бір топ мемлекеттік қызметшілерге облыс әкімінің «Алғыс хаты», аудан әкімі «Алғысы» табысталды. Бұл мерейлі рәсімде Мемлекеттік қызметшілер күні мерекесіне орай Арал ауданы әкімінің жүлдесі үшін волейболдан өткізілген аудандық турнир жеңімпаздары аудан әкімінің «АЛҒА» командасы (І орын), «Барсакелмес мемлекеттік қорығы» мен аудандық ветеринариялық станциясының біріккен «Табиғат»командасы (ІІ орын), №1016-ж әскери бөлімінің «Айбын»командалары да (ІІІ орын) марапатталды. Кәсіби мерекеге арналған салтанатты рәсім аудандық мәдениет үйі қызметкерлері әзірлеген думанды концертпен аяқталды.