Арал ауданында аудан әкімдігі жанындағы жастар саясаты және патриоттық тәрбие беру жөніндегі кеңес отырысы өтті. Аудан әкімі Абзал Мұхимовтың төрағалығымен өткен кеңес отырысына қала, кент, ауылдық округ әкімдері, мектеп директорлары, жастар ұйымдары, БАҚ өкілдері қатысты.
Жиын барысында ел жастары үшін маңызға ие тақырыптар талқыға түсті. Алдымен аудандық кәсіпкерлік бөлімінің жетекші маманы Нұржан Қыздарбеков жас кәсіпкерлерді қолдау мақсатында атқарылған шаралар және жастарға несие беру жайына тоқталды. Мұнан соң, «Жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейін төмендету және мүмкіндігі шектеулі жастардың жұмысқа орналасуы, жазғы кезеңде жастардың бос уақытын қамтуда «Құрылыс жасақтары» тақырыбында аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтардың хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы Тоғысова Ғалия баяндады. Келесі сөз кезегін алған «Жастар ресурстық орталығы» КММ Арал аудандық бөлімінің меңгерушісі Әлібек Ізбасаров «Жасыл ел» еңбек жасақтарына NEET санатына жататын жастарды тарту, олардың жұмысын жүзеге асыру барысы жөнінде сөз сабақтады. Сексеуіл кенті әкімі М.Тұрымбетовтың «Кенттегі жастар саясатының жүзеге асырылу» тақырыбындағы баяндамасынан соң, жиынға қатысушылар тарапынан бірқатар ұсыныстар-пікірлер айтылды. Кеңес отырысының соңында аудан әкімі А.Мұхимов қай уақытта да ел тірегіне айналған жастарға сенім білдіретіндігін жеткізіп, кеңес мүшелерін жастарды қолдауға шақырды.