Құрылысшылардың кәсіби мерекесіне орай Арал ауданының әкімі Абзал Мұхимов бір топ үздік құрылысшыларды марапаттады. Бұл жайында аудан әкімдігі баспасөз қызметі мәлім етті.
Жиында сөз алған аудан басшысы:
- Тарих шежіресіне терең бойласақ, адам өмірінің ажары саналатын елді мекендер мен қалалар салу осынау мәртебелі мамандық иелерінің еншісіне бұйырғанын ерекше мақтанышпен айта аламыз. Қаншама жолдар, әлеуметтік нысандар мен ғимараттарда Сіздердің қолтаңбаларыңыз бар. Қазіргі таңда аудан бойынша түрлі әлеуметтік нысандар салынып,қайта жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Оның бәрі сіздердің тынымсыз еңбектеріңіздің, шынайы ынта мен ықыластарыңыздың жемісі. Ел игілігі жолындағы ерен істеріңізге жетістік, бойларыңызға күш-қуат, отбасыларыңызға ортаймас ырыс-бақ тілеймін, - деп шынайы лебізін білдірді.
Кездесу барысында құрылыс саласында атқарылып жатқан жұмыстар мен жоспарлар нақтыланып, бір топ озат құрылысшыларға аудан әкімінің Алғыс хаты табысталды. Сонымен бірге, Абзал Сансызбайұлы ардагер құрылысшы Құлбарақ Байғараевты аудан әкімінің "Құрмет грамотасымен" марапаттап, сый-сияпат көрсетіп, иығына шапан жапты. Кәсіби мерекеге арналған шырайлы қабылдау «Нұр Отан» партиясының электронды партиялық билеттерін тапсыру рәсіміне жалғасты.