Полицейлерді аттестаттаудан өткізу науқаны басталды
Ағымдағы жылдың 19 тамызынан бастап «Құқық қорғау қызметі туралы» Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 06 қаңтардағы Заңына, «Қазақстан Республикасы Құқық қорғау органдары қызметкерлеріне аттестаттау өткізу туралы үлгі ережесін бекіту туралы» ҚР Президентінің 2005 жылғы 8 шілдедегі Жарлығына сәйкес Қызылорда облысы ішкі істер департаменті қызметкерлерін кезекті аттестаттаудан өткізу науқаны басталды.
Қызылорда облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің хабаралуынша, аттестаттау кезеңінде полиция қызметкерлерінің кәсіби біліктілігі, дене шынықтыру дайындығы, психологиялық жағдайы, білім деңгейі тексерілетін болады. Ішкі істер органдарының қызметін оңтайландыруға бағытталған аттестаттау сынағы мынадай сатылардан тұрады. «Динамо» дене шынықтыру спорт қоғамының спорт кешенінде Макаров тапаншасынан атудан жарыстар өткізіледі. Ғ.Мұратбаев атындағы орталық стадионда дене шынықтыру нормативтерінен сынақтар қабылданады. Қызылорда ОІІД Оқу орталығында қызметкерлердің заңнама талаптарын білетіндігін анықтауға бағытталған тест сынақтары өткізіледі. Сонымен қатар, полиция қызметіне кәсіби және психологиялық іріктеудің жаңа жүйесі – полиграфологиялық зерттеуден өткізілетін болады.
Айта кетерлік жайт, аталған аттестаттау науқаны 2015 жылдың 5 қазанына дейін жалғасатын болады.