Қызылордада жыл басынан бері 30 адам суға кетіп қайтыс болды
Өңірде жыл басынан бері судағы қауіпсіздік ережелерін сақтамау салдарынан 27 оқиға тіркеліп, 30 адам қайтыс болды. Оның 11-і бала. Ал шомылу маусымы басталғалы бері 12 адам суға кетіп, қаза болды.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында өткен брифингте Қызылорда облысының Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Саид Молдақараев мәлімдеді.
«Үстіміздегі жылдың 10-12 тамыз аралығында 2-і жағдай тіркеліп, 3 тұрғын суға түсу кезінде батып кетті. Оның 2-і бала. Әрбір адам суға шомылатын су айдынының қауіпті орындары мен ерекшеліктерін білуі тиіс. Өңірде 64 суға шомылуға қауіпті жер белгіленіп, ескерту тақтайшасы орнатылды. Ал суға шомылуға болатын 3 жағажай бар. Атап айтқанда, 1-еуі Шиелі кентінде болса, қалған екеуі Арай мөлтек ауданы мен Белкөл кентінің маңында орналасқан»,-деді Саид Шазындаұлы.