Facebook WhatsApp Instagram

Қоғам

0

Жобасы қолдау тапқан кәсіпкерлер

Жалағашта “Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың “Еңбек” мемлекеттік бағдарламасы аясында бірнеше жоба қайтарымсыз грантпен қаржыландырылды. Әлеуметтің әлеуетін көтеруді көздеген бағдарлама осылайша жұмыссыз жандардың өз ісін бастауына үлкен көмек болып отыр.
Аудан аграрлық өңір болғандықтан әдеттегідей бұл жолы да жобалардың басым бөлігі мал шаруашылығына бағытталған. Бірі екі сиыр алып, оның сүтін сату арқылы табыс табуды көздесе, енді бірі уақ мал санын көбейтуді мақсат еткен. Сондай-ақ қайтарымсыз қаржылай қолдауға лайық деп танылған жобалардың ішінде кондитерлік өнімдер шығаратын шағын цех ашу, құс шаруашылығын дамыту, тігін цехын ашуды көздегендер де бар.
Жобасы қаржылай қолдау тапқан Ақмарал Жұмабаева мемлекеттік бағдарламаның өз ісін өрістетуге үлкен көмек болғанын айтады. Бұған дейін үйінде тапсырыспен кондитерлік өнімдер шығарумен айналысқан жоба авторы алдағы уақытта тиісті қаражатқа қажетті құрал-жабдықтар алатынын айтады. Оның сөзінше, өзі тұратын Аққұм ауылында кондитерлік өнімдер шығаратын цех жұмыс жасап тұрғанымен тапсырыс берушілер саны арылмайтын көрінеді. Сондықтан алдағы уақытта кәсібінің көкжиегін кеңейтіп, жолдасы екеуі отбасылық бизнесті дамытуға бел буып отыр.
– Комиссия тарапынан әзірлеген жобамның қолдау тапқанына қуаныштымын. Бұрыннан өзім үйден мұндай өнімдерді тапсырыспен ғана әзір­лейтінмін. Енді бөлінген қаражатқа қажетті құрал-жабдық алып, өндірген өнімім арқылы дүкендермен де байланыс орнатамын. Осылайша, жолдасым екеуміз отбасылық бизнесті қолға алуды жоспарлап отырмыз. Ертең елдегі ахуал қалпына келіп, бірқатар шектеулер алынып тасталса, тапсырыс одан әрі арта түседі. Осы кездің өзінде тұтынушыларымның сұранысына үлгермей қалған күндер болып жатыр. Енді арнайы аппараттарға қол жеткізсем, мәселе болмайды. Біз секілді жұмыссыз жандардың арманына қол жеткізуге қол ұшын созған мемлекетке алғыс білдіремін. Өзімнен басқа қаншама қатысушы жобаларының қолдау тапқанын естіп қуанып жатыр. Ертең осылардың бірі болмаса бірі үлкен кәсіпорынға айналып кетпесіне кім кепіл. Бұл әлеуметтік жағдайды жақсартуға айтарлықтай үлкен көмек болып отыр, – дейді жоба авторы.
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: