Ақмола облысында қазақтың тазылары өзара сайысқа түсіп жатыр
Красноярдағы "Құлагер" атшабарында тұңғыш рет қазақы тазы тұқымдас иттер арасында Ақмола облысының І ашық ит жүргірту жарысы өтіп жатыр деп хабарлайды Қазақпарат.
Қазақ халқы жеті қазынаның біріне балаған асыл тұқымды иттердің жарысына Астана қаласы мен Қарағанда, Павлодар және жергілікті Ақмола облыстарынан 50-ден астам таза тұқымды тазылар қатыстырылып отыр.
Өңірде тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған шараға "Тазы-Төбет-Бөрібасар" республикалық федерациясы және Красноярдағы ұлттық спорт мектебі мұрындық болды.
"Асылды алыстан тани білген қазақ халқы иттің бұл тұқымын осы күнге дейін сақтап жеткізіп отыр. Бүгінгі біздің мақсатымыз да осындай ауқымды іс-шараны ұйымдастыру арқылы қазақ халқының игілігі мен тарихи-мәдени мұрасының бір бөлігі болып табылатын қазақ тазысының тұқымын одан әрі дамыту болып табылады. Жарыс ережесіне сай тазы жүйрік, қуып жеткен аңын өлтіре алатын азулы, ұсақ аңды тістеп өзі алып келетін ақылды, тағы да басқа қасиеттерге ие болуы керек", - дейді "Тазы-Төбет-Бөрібасар" республикалық федерациясының президенті Оралбек Қайсанов.