Республикалық «Мектепке жол» акциясының ұраны – «Балаларға бірге көмек берейік!» тақырыбымен Арал қаласындағы №83 орта мектебінде балалардың әлеуметтік себептермен мектепке бара алмауының алдын алу және аз қамтылған отбасы балаларына қолдау көрсету мақсатында балаларға мектеп құралдары сыйға берілді.
Дәстүрге айналған акция биыл ауданда сегізінше рет ұйымдастырылуда. Балалардың қуанышымен бөліскен аудан әкімі Абзал Мұхимов әр балаға киім, сөмке, оқу құралдарын өзі үлестіріп берді.
– Бүгінгі бала - ертеңгі елдің болашағы. Әрбір бала өзіне қажетті білім алуға құқылы. Әлеуметтік қолдауға мұқтаж отбасыларына қолдау жасау біздің қоғамның өзекті міндеті. Алдымызда тұрған жас буын іргелі істердің жалғастырушысы және дамытушысы болып табылады. Осы бағытта атқарылып жатқан игілікті істер көңіл қуантарлық дәрежеде. Бақыт дегеніміз - баланың күлкісі, ең үлкен алғыс - баланың қуанышы. Олай болса, жас жеткіншектердің мектепке баруын қамтамасыз етуді мақсат еткен «Мектепке жол» акциясы көңілге нұр болып төгілсін, -деп аудан басшысы бүлдіршіндерге ізгі тілегін білдірді.
Бүгінгі шарада аз қамтылған отбасы балаларына көмектерін ұсынған азаматтар есімі мақтанышпен аталды. Жеке кәсіпкерлер Мейрамбек Жұмашев, Берік Жандәулетов, Амангелді Жалғасбеков, Күнқияш Қыздарбекова, Қуаныш Саниязов, Ардақ Төлебаев демеушілік жасап, бірінші сыныпқа баратын балаларды оқу формасымен, сөмке және оқу құралдарымен қамтамасыз еткен. Мекеме ұжымдары мен жекелеген азаматтардың да шара барысында есімдері аталып, құрмет көрсетілді.
Атап өтер тағы бір жайт, «Нұр Отан» партиясының «Бақытты балалық» жобасының шеңберінде қорғаншылық, қамқоршылық тәрбиедегі балалардың мектеп бітірген соң одан әрі білімін қамтамасыз ету үшін 15 балаға білім салымын ашу жоспарланған болатын. Қазіргі таңда 10 балаға арнайы есепшот ашылып, екінші лектегі 5 балаға акция барысында салым сертификаттары табыс етілді.
«Қайырымдылық жасасаң – қайырын өзің көресің» деген ұлағатты сөздермен сусындаған жас ұрпақтың атынан №83 орта мектептің оқушысы Ақгүл Қуанова ел ағаларына деген алғысын өлеңмен арнады. Балаларға қамқорлықты мұрат еткен акция соңы Оқушылар үйі өнерпаздарының мерекелік концертіне ұласты.