Білім күні Қызылорда қаласында 900 орынға арналған мектеп пайдалануға берілді. Салтанатты шараға облыс әкімі Қ.Көшербаев қатысып, оқушылардың қуанышымен бөлісті.
Заманауи үлгіде салынған бұл мектепте оқушылардың сапалы білім алуларына толық жағдай жасалған. Сонымен қатар, биыл өңірдегі мектептер жылдағыдай қыркүйекте емес, қазірдің өзінде 100 пайыз оқулықпен қамтылып отыр.
Бүгін 5 мыңнан астам бала алғаш рет жаңа мектеп табалдырығын аттап отыр. Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев оқушыларға жаңа оқу жылына сәттілік тілеп, Елбасының атынан 1-сынып оқушыларына кітаптар табыстады.
- Биылдың өзінде Қызылорда облысында 22 білім нысанын салуға 6,5 млрд. теңге бөлінді. Жыл соңына дейін 19 мектеп пен 4 балабақша пайдалануға беріледі. Осылайша Елбасының бізге жүктеген үш тапсырмасы толық орындалуда. Біріншіден, үш ауысымдық мектептер мәселесі шешілді. Енді Қызылорда облысында үш ауысыммен оқитын мектеп мүлдем жоқ. Екіншіден, апаттық жағдайдағы мектептерді 2016 жылға дейін толық жаңалаймыз. 2013 жылы Қызылордада 25 апаттық мектеп болған болса, оның 14-і қайта салынып, қалған 11 білім ошағын келесі жылдың соңында бітіруді жоспарлап отырмыз. Үшіншіден, Елбасы 2020 жылға дейін «Балапан» бағдарламасын толық жүзеге асыруды тапсырған болатын. Ал біз жыл соңына дейін балаларды 100 пайыз балабақшамен қамтып, бағдарламаны бекітілген уақытынан бұрын аяқтаймыз, - деді облыс әкімі Қ.Көшербаев.
Соңғы 2 жылда Қызылорда облысы республика бойынша әлеуметтік салаға көп қаржы бөлетін аймақтардың көшін бастап келеді. Бұл жұмыстардың нәтижесі де жоқ емес. Биылғы оқу жылында ҰБТ қорытындысы бойынша Сыр өңірі 13-орыннан алдыңғы бестікке көтерілді. Мыңдаған қызылордалық жас түлек облыс әкімі гранттарын иеленді. Сондай-ақ, Ресей Федерациясы Үкіметі арасындағы келісімге сәйкес 321 түлек Мәскеу және Санкт-Петербургтың маңдайалды жоғары оқу орындарында тегін білім алуға мүмкіндік алып отыр. Бұдан бөлек, жоғары және арнайы оқу орындарына бөлінетін «Серпін» бағдарламасымен де қызылордалық жастар тегін оқуға жолдама алды.