Облыс бойынша алдағы жылу беру маусымына қажетті 40,7 мың тонна қатты отынның 35 пайызы, 18 мың тонна дизельдің 25 пайызы дайын. Бұл туралы бүгін облыс әкімі Қ.Көшербаевтың төраалығымен өткен аппарат мәжілісінде айтылды.
Облыста 1041 әлеуметтік нысан бар. Жоспарланған жөндеу жұмыстары толығымен аяқталды. Жалпы әлеуметтік нысандардағы бу қазандықтардың 83 пайызы ағымдағы жөндеуден өтті.
Облыста жылу жүйелерінің жалпы ұзындығы 183,5 шақырымды құрайды. Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Ержан Әбдіқалықов қысқа дайындық жұмыстары кезең кезеңімен жүргізіліп жатқанын баяндады.
Тағы бір айта кетерлігі, коммуналдық қызметтердің ақысын төлеуге тұрғындар асығар емес. Қыркүйекке дейінгі берешек 583,7 млн. теңге. Оның ішінде жылуға қарыз 360,6 млн. теңге болып тұр. Оның 71 пайызы тұрғындар үлесіндегі қарыз болса, қалғаны мекемелердің берешегі.
– Жылу маусымы басталғанша әлеуметтік нысандар толық дайын болуы тиіс. Аудандардағы газдандыру жұмыстары осы әлеуметтік нысандардан басталу қажеттігін тағы каперлеріңізге саламын. Коммуналдық қызметтің ақысын уақытылы төлеу керек. Осыған байланысты жұмысты күшейтіңіздер, - деді облыс әкімі Қ.Көшербаев.
Сондай-ақ, аймақ басшысы жоспарға сәйкес жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарының сапасын назардан тыс қалдырмау қажеттігін тағы бір ескертті.