Facebook WhatsApp Instagram

Қоғам

0

Қыстың қамын жазда ойла

Қыстың қамын жазда ойлаЖылу беру маусымының басталуына бір айдай уақыт қалды. Қылышын сүйретіп келетін қысқа халықпен бірге жылуға жауапты мекемелер де қамдану үстінде. Дегенмен кейбір көпқабатты үйлерге қатысты әлі де шешімін таппаған мәселелер бар. 
Тіпті, қысқа дайын емес үйлер де кездеседі. Осындай түйткілді мәселелердің басын ашып, қыстың қамын жаз ойлауға кіріскен мамандар мен үкіметтік емес ұйымдардың мүшелері тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің мәжіліс залында «Қызылорда қаласының 2015-2016 жылдардағы жылу беру маусымына дайындық барысы» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді. 
Жиын басында Қызылорда қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімі басшысының орынбасары Б.Далабаев қаламыздағы жылу беру маусымына дайындық барысын айтты. Биылғы жылу станцияның жөндеу жұмыстарына 3 млрд. 845 млн. теңге қаралса, жылу құбырларын жөндеу үшін «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша 3 млрд. 039 млн. теңге бөлу жоспарланған. Жылуға берешегі бар мекемелерге хат жазылып, қарызды қайтару жұмыстары жүргізілуде. Қаламыздағы пәтер иелер кооперативі басшылары да өз пікірлерін ортаға салды. Олардың айтуынша, кей көпқабатты үйлердің құбырларын ауыстыратын уақыт жеткен. Ол үшін жиналатын қаржыны тұрғындар бергісі жоқ. Қаншама түсіндірме жұмыстары жүргізілсе де еш нәтиже шықпаған. ПИК басшылары «Қызылордажылуэлектрорталығы» құбыр алмастыру жұмыстарында жылда көмек көрсететінін айтып, алғыс білдірді. «Қызылордажылуэлектрорталығы» МКК диреторы А.Бекпағанбетов осы жылы да кей үйлердің жылу жүйесін жөндеуге көмектесетінгін жеткізді. 
Тұтынушылардың құқығын қорғау департаментінің басшысы Р.Нұртаев жиынды қорытындылап, тұрғындарға түсіндіру жұмыстары жүргізілуі керектігін және үйлесімде жұмыс жасау қажет екенін ескертті. Сонымен бірге жұмысты үнемі бақылауда ұстау үшін тәуелсіз комиссия құру қажет екендігі айтылды.
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: