Алаш арысы, көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері Мұстафа Шоқайдың 125 жылдық мерейтойы туған жері Қызылорда облысында кең көлемде тойлануда.
Қайраткердің есімін ұлықтап, тәуелсіздік жолындағы ерен еңбегін дәріптеу мақсатында «Мұстафа Шоқай - Алаштың алып тұлғасы» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Оған Төлен Әбдік, Қойшығара Салғарин, Көшім Есмағамбетов, Амантай Шәріп, Әнес Сарай, Сұлтанәлі Балғабаев сынды зиялы қауым өкілдері, тарихшылар мен саясаткерлер қатысып, тұщымды ойларын ортаға салды.
Зиялы қауымның басын қосқан айтулы шараны облыс әкімі Қырымбек Көшербаев ашты.
- Мұстафа Шоқай – кез-келген ірі тарихи құбылыс секілді біржақты сипаттауға болмайтын, үйреншікті қалыпқа салуға келмейтін тұлға. Ол сол замандағы аса күрделі ғаламдық тарихи процестің бел ортасында, эпицентрінде жүріп, сол процестің перифриясындағы өз ұлтының мүддесін қорғауға тырысты. Сондықтан да, Мұстафа Шоқай ақ пен қызылға немесе қоңырға жақ, я қарсы болды деген қарабайыр түсінікке сыймайды. Шоқайдың большивизм мен фашизмге іші қатар суық болғандығын біз жақсы білеміз. Сонымен қатар, өз ұлтының мүддесі, түркі халықтарының азаттығы мен бірлігі, өзінің қандастары мен бауырларының тағдыры үшін кіммен болса да тартысуға даяр, жеке көзқарасы, дара ұстанымы бар тұлға болғаны да аян, - деген Қ.Көшербаев өкінішке орай, кешегі қоғамда оның атын айтуға тыйым салынған кезең болғанын еске салып өтті.
Тәуелсіздік орнағаннан кейін Елбасы тарихи тұлғаларымыз туралы деректерді жинауға тапсырма берді. Осы ретте М.Шоқайдың да шетелдегі мұрағаты елге оралды. Жарының, саяси серіктерінің естеліктері жарық көрді. Мұстафа Шоқай есімі тарихи оқулықтарға енгізілді, фильмдер түсірілді. Астана, Алматы қалаларында көшелерге аты берілді. Облыс әкімі осы ретте Шоқайдың туған жерінде осындай игі шаралар іске асырылғанын атап өтті.
Жалпы конференцияға қатысушылар Шоқай туралы көптеген тың деректерге қанықты. Мысалы, Шоқайдың «Яш Түркістан» журналын шығарғаны белгілі болғанымен, «Түркістан» атты журналдың алты нөмірін шығарғаны бұрын белгісіз болып келген еді. Сондай-ақ, неміс тұтқынынан ортаазиялық ұлттар өкілдерін босату жұмыстарымен қатар, өлімге кесілген 80 грузинді ажалдан арашалап қалған. Бұл деректерді естіген грузин халқының зиялы қауымы Шоқай тұрған үйге естелік тақта орнатыпты. Конференцияда сөз сөйлеушілер тарапынан бірқатар ұсыныстар да айтылды. Солардың қатарында Қызылорда қаласында ескерткіш орнату, Шоқай орталығын құру туралы ойлар бар.
Сондай-ақ, осы шара аясында қоғам қайраткері Мұстафа Шоқайдың туып өскен жері Шиелі ауданы, Сұлутөбе ауылында жаңадан 240 орындық мәдениет үйі ашылып, алдына қайраткердің бюсті қойылды.