Полицейлер жол-көлік оқиғасынан зардап шегушілерге көмек берді
2005 жылдың 26 қазанында БҰҰ-ның Бас Ассамблеясының бастамасымен қарашаның үшінші жексенбісі жол-көлік оқиғасының құрбандарын Дүниежүзілік еске алу күні болып бекітілген.
Аталмыш күн аясында Қызылорда облыстық Ішкі істер департаментінің ұйымдастыруымен қараша айының 9-15 күндері аралығында «Жол жүрісі қауіпсіздігі апталығы» республикалық акциясы өткізілуде. Бұл акцияның мақсаты – жол-көлік оқиғасында көз жұмғандарды еске алу және ауыр қазаға ұшыраған отбасылардың қайғысына ортақтасу, өзара сыйластық, жолда қауіпсіздік ережесін сақтау, жүргізушілердің мәдениетін арттыру тұрғысынан жол қозғалысы қатысушыларының санасын өзгертуде әлеуетті қоғамдық қолдау көрсету болып табылады.
Аталған акция аясында қараша айының 11 күні Қызылорда облысы ішкі істер департаменті Әкімшілік полиция басқармасы аппаратының қызметкерлері мен жол-патрульдік полицейлер жол апатынан зардап шеккен азаматтарға көмек көрсету мақсатында қан тапсыру шарасын ұйымдастырды.
Жылдағы үрдіске айналған бұл іс-шараға қан орталығының қызметкерлері арнайы жабдықталған құралдарымен Әкімшілік полиция басқармасының ғимаратына келді. Қамқорлық акциясына барлығы 100-ге жуық қызметкер қатысып, құқық қорғау органдары қызметкерлерінің «қиналғанға қол ұшын бер» принципін басшылыққа алатындарын тағы да дәлелдеді.