ОҚУШЫ ҚЫЗДАРДЫҢ СЫРҒАСЫН ШЕШІП АЛҒАН АЛАЯҚ ҰСТАЛДЫ
Қызылорда облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, ағымдағы жылдың 23 қарашасында облыс орталығының тұрғыны М.Г. тәртіп сақшыларына шағымданды.
Онда мектеп алдында 3-сынып оқитын қызының құны 17 000 теңге тұратын алтын сырғасын белгісіз бір әйелдің «құлағыңдағы сырғаң түсейін деп тұр,сөмкеңе салып берейін» деген желеумен шешіп алғандығы жөнінде айтылған. Бір күн сала белгісіз әйел тағы да 3 сынып оқушысының алтын сырғасын алдап, шешіп алады. Алаяқтың осы тектес әрекеттеріне қатысты полицияға тағы да 4 ата-ана шағымданады.
Тәртіп сақшыларының жедел-іздестіру жұмыстарының нәтижесінде Қызылорда қаласының 1989 ж.т. тұрғыны Б.Д. ұсталып, уақытша ұстау абақтысына қамауға алынды. Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 190-бабының 1-бөлігімен (алаяқтық) қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.