Қызылордалық полицейлер азаматтардың сеніміне кіріп, алаяқтық жолмен ақшасын иемденген 2 азаматшаны қолға түсірді. Бұл жөнінде облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметі мәлім етті.
Қызылордалық полицейлер бөтеннің мүлкін заңсыз иемденудің алдын алу, алаяқтық қылмыстарының жолын кесу, кінәлі тұлғаларды қылмыстық жауапкершілікке тарту бағытында тиісті жұмыстар жүргізіп, нәтижесінде апта көлемінде 3 эпизодты және 2 эпизодты алаяқтық қылмыстық әрекеттер жасаған 2 азаматшаны құрықтады.
Атап айтқанда, ағымдағы жылдың мамыр айында Б.А. есімді азаматша 1963 жылы туылған қала тұрғынының сеніміне ие болып, «Даму» бағдарламасы арқылы несие алып беремін деген желеумен 60 000 теңге көлеміндегі ақшасын алып, қайтармайды. Жәбірленуші полиция қызметіне арызданып, оның арызы бойынша күдікті азаматша ұсталып, оған қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы, 1-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ұсталған азаматшаның басқа да қылмыстарға қатыстылығын тексеру барысында, оның бұдан бөлек осындай тәсілмен екі адамды арбауына түсіргендігі анықталды. Мәселен, ағымдағы жылдың мамыр айында 1946 жылы туылған қала тұрғынынан «Даму» бағдарламасы арқылы «несие алып беремін» деп 220 000 теңгесін алып қайтармаса, дәл осындай желеумен мамыр айында 1966 жылы туылған азаматшаның 70 000 теңге көлеміндегі ақшасын заңсыз иеленіп алғандығы белгілі болды.
Сонымен қатар, есепті мерзімде азаматтардың сеніміне қиянат жасау арқылы жалпы кұны 200 000 теңге көлемінде шығын келтіру дерегі бойынша тағы бір қылмыстың беті ашылды. 1973 жылы туылған қала тұрғыны Ө.Г. есімді азаматшаның «жұмысқа тұрғызып беремін» деген желеумен 100,000 теңге көлеміндегі ақшасын алып, қайтармағандығы жөнінде арызданған болатын. Аталған алаяқтық дерегі расталып, ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы, 1-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалып, күдікті азаматша ұсталды. Тергеп-тексеру жұмыстары барысында, оның бұдан бөлек 1991 жылы туылған азаматшадан да дәл осындай тәсілмен 100.000 теңге көлеміндегі ақшасын алып, қайтармағандығы белгілі болды.