Facebook WhatsApp Instagram

Қоғам

0

ҚЫЗЫЛОРДАДА ТҮЛЕКТЕРГЕ КӘСІПТІК БАҒДАР БЕРУ ФОРУМЫ ӨТТІ

 

Бүгін, Қызылордада қаладағы мектеп бітіруші түлектерге арналған кәсіптік бағдар беру және қажетті мамандықтарды таңдау бойынша «Бәсекелік қабілет: кәсіби маман» атты жастар форумы ұйымдастырылды.
Елбасы Н.Ә. Назарбаев биылғы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында мемлекеттік әлеуметтік саясаттың басымдығы – адами капиталға инвестиция салуды дамытуға негізделеді деп атап көрсеткен болатын. 
Сонымен қатар, 2017 жылдан бастап «Жалпыға бірдей тегін кәсіптік-техникалық білім беру» жаңа жобасы іске қосылуда. 
Форумның негізгі мақсаты – Елбасы Жолдауынан туындайтын міндеттерді қала көлемінде кеңінен насихаттау және жүзеге асыру негізінде кәсіптік бағдар беру, кәсіптік мамандарды даярлау бойынша шара қабылдау. 
Бірнеше бөлікті қамтыған форум жұмысының бірінші бағыты, орталық аландағы «Bilim fest: «Ұлт табысы - бәсекеге қабілеттілік» атты білім жәрмеңкесінен бастау алды.
Жәрмеңкеде қала мектептерінің 9-11 сынып оқушыларына қала аймағындағы 3 жоғарғы және 13 арнаулы орта оқу орындарының арнайы танымдық-базасы таныстырылып, оқу орындарының шығармашылық концерттік бағдарламалары көрсетілді.
Форумның екінші кезеңінде, мектеп бітіруші түлектерге Қызылорда қаласының бас жоспарына сәйкес аумағы 1 мың 532 гектар болатын Сырдария өзенінің сол жағалауынан жаңа қала тұрғызу жобасы бойынша атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы таныстырылды.
Мұндағы мақсат – бітіруші түлектерді алдағы жоспарлармен бөлісіп, соған сәйкес қажетті мамандықтарға бағдарлау, туған қаласына қызмет етуге шақыру. Сол жағалаудың болашақ жоспарымен қала әкімінің орынбасары Асылбек Шәменов таныстырды.
Айта кету керек, жаңа қаланың бас қақпасы, Сырдария өзенінің үстінен салынған алып көпірдің құрылысы былтырғы жылы аяқталып, пайдалануға берілді. Биыл осы көпірден бастау алып, «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізіне қосылатын жаңа жолдың және 18 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. 
- Бұл, Сіздер үшін салынып жатқан қала. Сондықтан, бүгінгі заманға лайық, қоғамға ең қажетті мамандық иелері атанып, Қызылордамызды жаңа заман талабына сай қала етіп дамыту болашақтың, яғни, Сіздердің еншілеріңізде, - деді қала әкімінің орынбасары.
Жастар форумы қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен Қорқыт Ата атындағы ҚМУ-нің студенттер сарайында өткен пленарлық мәжілісте қорытыланды. 
Форум барысында алғы сөз сөйлеген қала басшысы, жастарға: 
- Қазақстанның жаңа табыстары мен болашақ жеңістері жер қойнауындағы пайдалы қазбаларда емес, жүрегі оттай лаулаған жалынды жастарымыздың еншісінде.
Инновациялық бағытта экономикамыздың үдемелі тұрақты дамуын қамтамасыз ететін де, ұлтымыздың жасампаз қуатын өндіретін де – жастар. 
Сондықтан, Отанына адал, озық білімді және кәсіби жоғары шыңдалған жастар – мемлекетіміздің стратегиялық қоры болып табылады.
Әлемнің түкпір түкпірінде әр минут сайын пайда болатын жаңалықтарды тезірек сіңіру – бұл жаңа ғаламдық бәсекелестіктің мазмұны.
Яғни, бұл бәсекеде тез бейімделіп, тез үйренген озады.
Өнеркәсіп, агроөнеркәсіптік кешен, көлік пен логистика, құрылыс салаларындағы мамандар одан әрі де қажеттіліктерін жоймайды.
Осы мамандықтарды игеруге шақырамын, - деп, түлектерге сәттілік тілеп, оларды бәсекеге қабілетті болуға шақырды. 
Пленарлық мәжіліске арнайы қонақ ретінде қатысқан республикалық жастар ұйымының жетекшісі, «Қазақстан жастары конгресінің» атқарушы директоры А. Сәбитов, қала әкімінің жастар саясатын дамыту және өңір жастарын қолдау бағытындағы көпке үлгі боларлық жұмыстарын тілге тиек етіп, «Қазақстан жастары конгресінің» атынан алғыс хатын табыстады.
Сондай-ақ, форум барысында облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Е. Қарабалаев, кәсіпкер, «Мағжан и К» ЖШС-нің директоры М. Ералиев, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің «Ағылшын тілі» мамандығы бойынша грант иегері М. Абайдулла сөз алып, өз ойларымен бөлісті. 
Қазақстан Республикасының кәсіптік білім беру саласының ардагері Сексенәлі Раханов жастарға бата-тілегін білдірсе, қаладағы мектеп бітіруші түлектердің атынан №3 мектеп-лицейінің 11 сынып оқушысы Нұржан Пірмағанбет болашақ - 2050 жылғы түлектерге үндеу жасады. 
Болашаққа аманат етілген бұл үндеудің көшірмесі, облыстық тарихи-өлкетану музейіне табысталды.
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: