Алкоголь сатылмайтын ауылда бірде-бір қылмыс тіркелмеген
Қызылорда облысы Шиелі ауданындағы Жиделіарық ауылында бір жарым жыл ішінде бірде-бір қылмыс тіркелмеген.
Ауылда 518 отбасы тұрады, яғни, мыңнан аса адам. Мұндағы отбасылардың барлығы дерлік мал ұстайды. Өйткені, ауылдық жерлерде мал мен егін – отбасының экономикалық әл-ауқатының негізі.
Жергілікті тұрғындардың айтуынша, ауылда 2019 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін бірде-бір қылмыс жасалмаған. Бұған азаматтардың тату-тәтті қатынаста болуы және учаскелік полиция инспекторының қолға алған профилактикалық шаралары негіз болды. Атап өту керек, аталмыш ауылда екі дүкен бар, алайда, ешқайсысында алкоголь сатылмайды.
Тоқтарбай Дулатов – осы аймақтың тумасы. Учаскелік инспектор болғандықтан, ол бірінші кезекте ауыл тұрғындарымен және ақсақалдармен, кент әкімшілігімен, жергілікті мектеп оқушыларымен және олардың ата-аналарымен өзара байланыс орнатқан. Учаскелік инспектор ауыл әкімшілігімен бірге мал жаюды ұйымдастырды. Енді жануарлар үнемі бақылауда. Сонымен қатар, Тоқтар көмекшілерімен бірге атпен немесе көлікпен кентті және оның айналасын үнемі патрульдейді. – Тоқтар осы ауылға келгелі қылмыс азайып, ауылымызда қазір мал ұрлығы жоқ деп айтуға болады. Учаскелік инспектор мектеп қызметкерлерімен тығыз байланыста. Оқушылармен, ата-аналармен рейдтер ұйымдастырып тұрады, – деді ауыл әкімі Ерлан Әбілдашев.
Жиделіарықта “Сақшы-Сарбаз” қоғамдық бірлестігі жұмыс істейді. Күн сайын екі ауыл тұрғыны учаскелік инспекторға тәртіпті қадағалауға көмектеседі. Жалпы, Қызылорда облысы бойынша мал ұрлығы фактілері 20%-ға азайған. Бұған құқық қорғау органдарының арнайы әзірлеген алдын-алу шаралары және осы қылмыс үшін жазаны күшейту ықпал етті. Енді мал ұрлығы үшін барлық мүліктен айырылып, істің мән-жайына байланысты 5 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. – Сақшы-сарбаздармен бірігіп, түнде де, күндіз де қылмыстың алдын-алу профилактикалық жұмыстарын жүргіземіз. Осы жұмыстардың нәтижесін елеп, Қызылорда облысының Полиция департаментінің бастығы NIVA жаңа автокөлігін берді, – деп атап өтті учаскелік инспектор Тоқтарбай Дулатов.