Халықаралық «Чернобыль және Арал балалары» қоғамдық қайырымдылық қорының Қызылорда қаласындағы өкілдігі Балаларды отбасында қалдыру» жобасын жүзеге асырып отыр. Бұл тастанды балалар санының азаюына өз септігін тигізуде.
Қоғамдық қордың басшысы Құралай Исаева "Бұл бастама биыл жазда басталды. Біз негізінен Қарағанды облысымен тәжірибе алмастық. Ол жақтан арнайы маман келіп семинар-сабақтар өткізді. Қазір қалалық перзентханамен, облыстық «Ана мен бала орталығымен», қаладағы 4 емханамен тығыз жұмыс жасап жатырмыз. Аталмыш мекеме қызметкерлері анасы баласынан бас тартпақ болған жағдайда бізге хабарласады. Арнайы мамандар тобы жиналып босанған әйелмен тілдесіп, бас тартудағы негізгі мәселесін шешуге тырысады. Сол арқылы баланы отбасында қалдыруға жұмыс жасалады. Әзірге еңбегіміз нәтижесіз емес. Шаранасын қабылдағысы келмеген келіншектердің 75 пайызы осындай жұмыстан соң ойынан айнып, өз қателігін мойындады. Бір айта кетерлігі, біздің арнаулы топта жұмыс жасайтын психолог секілді мамандарға төленетін қаржы мардымсыз. Соған қарамастан олар әркез көмек қолын созуға тырысады" дейді.
Қоғамдық қор 2000-жылдан бері жұмыс жасап келеді.