Шешендігі мен көсемдігі даугершілікте, батырлығы мен ақылдылығы жаугершілікте сыналған Еліміз бүгін де асқақ рухпен алға қарай нық қадам басып келе жатыр. Ұлы даламызда еркіндік әуені шарықтаған уақыттан бастап Еліміз күн санап қарыштап даму үстінде. Біз үшін Жаһанданудың жаңа жолы, Әлемдік аренада абыроймызды асқақтататын тағы бір шара — ЭКСПО болары сөзсіз.
Ең әуелі ЭКСПО-ға қысқаша тоқталып өтсек. Бұл – бүкіләлемдік бір жарым ғасырлық тарихы бар көрме. Ғылым тілімен айтатын болсақ «индустрияландырудың белгісі және техникалық һәм технологиялық жетістіктерді көрсететін мүмкіндік». Ең алғаш 1851 жылы Ұлыбританияда бастау алған. Содан бері қарай бұл көрме алпыс бес рет өткен. Бұл әлемдік шараның қазақ елі үшін маңызы қандай болмақ? Бұлай сабақтай берсек санамызға ең әуелі Әміре Қашаубаевтың есімі келері сөзсіз. Неге дейсіз бе? 1925 жыл — Парижде Әміре әні асқақтаған, ұлтымыздың үнжариясы әлемге паш етілген бақытты сәті еді… Бұл — сол заманның өзінде-ақ күллі әлемді таңқалдырған Қазақ елінің мәдениеті, әдебиеті, музыка өнері таланттарға қашан да кенде емес екенінің бір айғағы. Әміренің өнеріне тәнті болған әйгілі француз жазушысы Ромен Роллан: «Мен Шығыста әншіні неге бұлбұлға теңегенін енді түсінгендеймін»,- деп баға берген екен. Содан бергі уақытта және Тәуелсіздікке қол жеткізген аз ғана уақыт ішінде Қазақ дейтін болмысы бөлек, текті халықтың бар екені, рухының асқақ екенін көршілес елдер мойындап келеді. Қазақстанымызда өтетін ЭКСПО осы заманның сал –серілеріне, өнер адамдарына біздің халықтың інжу-маржан жауһарларын әлем алдында жарқ еткізетін тағы бір мүмкіндік беріп отыр. Аты аңызға айналған «Балқадиша» әні Франция елінде дүйім жұрттың назарын аудартып әуеленсе, 2017 — жылғы ЭКСПО-да дәл осындай өміршең, тағылымы биік туындылар дүниеге келері сөзсіз. Осы орайда Елбасының айтқан сөзі еске түседі: «Отандық мәдениет қайраткерлерінің өнер көрсетуіне басымдық беру керек. Мәдени-думанды шаралар көрме аумағында ғана емес, бүкіл қалада өтуі қажет. Музейлер, көрмелер мен театрлар қонақтарды ең жоғары деңгейде қарсы алуға дайын болуы тиіс». Демек, ЭКСПО-да еліміздің техникалық мүмкіндіктері ғана емес, ұлттық мәдениетіміздің, тарихымыздың, өнеріміздің де қаншама ел алдында шарықтайтын сәті. Осындай кезеңде, Алаш елінің дәстүрін, қазынасы мен құндылықтарын келген шетелдік қонақтарға қуана таныстырудың өзі үлкен мақтаныш емес пе? Көрме кезінде Отанымызда бір күнде үш жүзге жуық шара болады деп күтілуде. Шетелдерден өнер жұлдыздарын шақырмай, отандық жұлдыздардың өнері жоғары бағаланып, насихатталса бұл біздің елімізде өтетін ЭКСПО-ның ұтымды тұстарының бірі болмақ.
Халықаралық көрмені біздің елде өткізу — Елбасымыздың әлем елдері алдында тұлғалық танымдылығының арқасы екеніне ешкімнің дауы жоқ… ЭКСПО-да алынған «Болашақтың энергиясы» тақырыбы арқылы біз көп нәрсені ұтарымыз анық. Екінші жағынан, бұл тақырып бізге жат емес. Себебі, көшпелі заман кезі және киіз үйлердің табиғат ыңғайына сай болуы, қазақ халқының әрбір тұрмыс-тіршілігі, өмір сүру қағидасы табиғатпен әрқашан үйлесімде болған. Бұл- халықаралық дәрежеде өтетін көрме. Мұнда әлем елдері өздерінің үлгілерін әкелетін болады. Біз жасыл энергетика «хабы» атана аламыз. Сондықтан, бұл тақырып шын мәнісінде біз үшін сәттіліктер алып келеріне сенімім мол!
Қазақстандық өнертапқыштардың басын біріктіріп, ең ұтымды жобаларды сұрыптау, экономика жағынан да, энергетика жағынан да тиімдісін таңдап, әлемге тың идея айту — Қазақ халқының үлкен жетістіктерінің бірі болмақ. Табиғатты ластамай, табиғи жолдар арқылы энергия көзін (жел, ғарыш, күн, су) алу әлем елдері үшін де, біз үшін де оң әсерін береді. Сәйкесінше, еліміздің табиғаты энергия көзін алуға өте қолайлы. Қолайлы табиғат бар кезде, неге әлемдік дамудың жаңа үдерісін қолға алмасқа?
2017-жылғы көрмеге 2 миллион турист келеді деп жоспарланып отыр. Демек, ЭКСПО-ға мүше 100-ге жуық мемлекеттен келетін конақтар өз жобалары мен өнімдерін бізге ұсынады. Еліміздегі сәулет өнерінің дамуы, ішкі туризмнің өркендеуі, жеке ұйымдар мен шағын бизнестердің пайда табуы айтпаса да түсінікті.
Ағылшын тілін жетік меңгерген жастарға да ЭКСПО-да пайда мол болмақ. Осының нәтижесінде, мен 2017-жылға дейін ағылшын тілін еркін меңгеремін деп алдыма жоспар қойдым. Бұл көрме мен сияқты жастарға үлкен стимул!
Иә… Кез-келген нәрседе біржақты ұғымның болуы мүмкін емес. ЭКСПО-да дәл солай. Біріміз қуана өз үлесімізді қосып жатсақ, енді біріміз байыбына бармай «пайдасынан-шығыны» деп жатырмыз… Алайда, бір кездері Франция мемлекетінде де Эйфель мұнарасын салуға көпшілік халық қарсы болған деседі. Тіпті, салынып болған соң да, сын айтушылар қатары азаймаған. Сол кездегі Париж секілді, Астанамыз әлемге танылып, ЭКСПО Қазақстанымызға оң нәтижесін беруін шын жүрегіммен тілеймін және атсалысамын. Себебі, мен — жас ұрпақ ретінде елімізде өтетін осындай маңызды шараның салмақтылығы мен жауапкершілігін жақсы сеземін.
Халқымыз қандай зұлматты заманды бастан кешірсе де, ауызбіршілігін, болашаққа деген сенімін жоғалтпаған. Біз, осынымызбен дара халықпыз! ЭКСПО- көрмесінде теріс пікірлер жаудыртқанша, ата-баба дәстүрімен жақсыға ниет етейік! «Бір жағадан бас, бір жағадан қол шығарып» татулығымыздың арқасында бұл маңызды шараны да ел болып өз деңгейінде атқарамыз. Біз бірге болсақ, алынбайтын қамал жоқ!
Назерке ӨРҚАРА.