МЕКТЕПКЕ БАРМАҒАН ОҚУШЫНЫҢ АНАСЫНА АЙЫППҰЛ САЛЫНДЫ
Қызылорда облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты себепсізден мектепке бармаған 8 сынып оқушысының анасына айыппұл салды.
Қызылорда қаласындағы орта мектептің оқушысы қыркүйек айының 23-нен қазан айының 19-на дейін 25 күннен аса сабаққа себепсіз бармаған. Мектеп директоры оқушының себепсіз сабаққа келмегенін, ата-анасының баланы тәрбиелеу және оқыту міндеттерін орындамай отырғанын білдіріп, арнайы хатпен ішкі істер органдарына жүгінген. Қызылорда қалалық ішкі істер басқармасы кәмелетке толмаған баласын тәрбиелеу және оқыту міндеттерін дәлелді себептерсіз орындамаған ананың үстінен Қазақстан Республикасы ӘҚБтК-нің 127 бабының 1 бөлігімен әкімшілік іс қозғады.
Қызылорда облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты әкімшілік іс материалдарын зерделеп, оны кінәлі деп танып, 7 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, яғни 13874 теңге айыппұл сомасы 30 пайызға қысқартылып, 9711(тоғыз мың жеті жүз он бір) теңге көлемінде айыппұл салды.