Арал аудандық сотында қылмыстық іс бойынша брифинг өтті. Брифингті Арал аудандық сотының судьясы Н.Бекетаев жүргізді.
Арал аудандық сотының хабарлауынша, іс құжаттарына сәйкес, сотталушы О. 2015 жылдың қыркүйек айының 16 күні жергілікті уақыт бойынша сағат 22:30-шамасында арақ ішкен мас күйінде баласымен сөзге келіп қалады. Сол жерде баласына күші жетпеген соң тұрғын үй дарбазасының ішкі аула жақ бетіндегі ұзындығы 20 см. болатын үшкір темірді алып баласының ішіне бір рет тығып, оның өміріне қауіп төндіреді. Осылайша баласының денсаулығына қасақана ауыр зиян келтірген.
Сотталушының қылмыстық әрекеті, сотта өзінің айыбын мойындап берген жауабымен қатар, іс құжаттарымен толық дәлелденген.
Судья Н.Бекетаев сотталушы О.-ның Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 106 бабының 1 бөлігімен кінәлі деп танылып, оған 4 жылға бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалғанын айтты.