КӘСІПКЕРЛЕР ПАЛАТАСЫ АГРАРЛЫҚ КООПЕРАЦИЯНЫ ДАМЫТУҒА АТСАЛЫСАДЫ
Бұл туралы Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасы директорының міндетін атқарушы Дархан Мырзалиев ауыл шаруашылығы кооперацияларына қатысты өткен мәжілісте айтты.
Селекторлық режимде облыстық барлық аудандарының, салалардың басшылары мен кәсіпкерлер қатысқан мәжілісте аталмыш саладағы проблемалар мен шешу жолдары талқыланды.
Палата басшысы ең алдымен аграрлық кооперация саласындағы проблемаларға тоқталды. Экономикалық Ынтымақтастық Ұйымының бағдарламасы аясында 2012-2014 жылдар аралығында елімізде «Қазақстанның аймақтарында ауыл шаруашылық кооперативтерінің дамуы» тақырыбында зерттеу жүргізілген болатын. Зерттеу өңірдегі келесі проблемаларды көрсетті:
- 530 мыңнан астам ауыл тұрғындарының 100 мыңнан астамы ауыл шаруашылығымен айналысады;
- шаруашылық түрлері екі бас малдан 150 бас мал аралығында, егіншаруашылығымен айналысатындар үшін 2 гектарден 300 гектардан жоғары;
- жоғарыда айтылған 100 мыңнан астам ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің арасында 4 мыңы ғана салық органдары мен статистика органдарында тіркелген;
- 100 мың ауыл шаруашылығымен айналысатын субъектілердің 75 пайызға жуығы шағынқаржы ұйымдарының әлеуетті тұтынушылары қатарында.
«Өткен жыл ауыл шаруашылығы саласына қомақты қаржы салынғанымен, өкінішке орай, саланың мәселесін толық шешіп тастай алмады. Бұл жайт бізге ауыл шаруашылығы саласында жылдар бойы жиналып қалған мәселелердің бар екенін көрсетті. Мәселен, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының берген мәліметі сәйкес 2015 жылдың 1 желтоқсанына дейін «Жұмыспен қамту жол картасы - 2020» бағдарламасы аясында бағдарламаның 3219 қатысушысына 6918 млн.теңге несие берілген. Бұл 100 мың ауыл шаруашылығы тауарөндірушілерінің 3 пайызы ғана. Облыста ауыл шаруашылығы тауарөндірушілеріне өз шағынқаржысын ұсынушы тек 2 жеке ұйым бар: «КМФ» және «Қызылорда-Кредит» ЖШС. Өңірде шағын қаржы ұйымдары кіші шаруа қожалықтарының сұраныстарын толық қамтамасыз ете алмауда. Осы ретте, «Атамекен» ҰКП мен ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі аграрлық кооперацияны дамытуға арналған бірлескен іс-шаралар жоспарын қабылдады. Жоспар бойынша заңға қосымша актілердің базасын қалыптастыру, кооперативтерді жеңілдікпен қаржыландыруға арналған мемлекеттік қолдау түрлерін әзірлеу, пилоттық жобаларға қолдау көрсету, бірлескен ақпараттық науқан жүргізу жоспарлануда.
Бұл мақсатты жүзеге асыруда облыста алғашқы қадамдар жасалып жатыр десек те болады. Кәсіпкерлер палатасы мен мемлекеттік орган өкілдерінен құрылған топ аудандарды, ауылдарды аралап, кооперативтендіру мен шағын кәсіпкерлікті дамытуға қатысты түсіндірме жұмыстарын жүргізуде.
Мұнан өзге, биыл «Атамекен» ҰКП мен облыс әкімдігінің бірлескен өңірлік «Микробизнес Қызылорда» жобасы басталып жатыр. Сондай-ақ, Кәсіпкерлер палатасы, «Қызылорда» Өңірлік инвестициялық орталығы және сарапшылардың қатысуымен жаңа экономикалық жағдайға бағытталған агробизнесті дамыту картасы әзірленуде. Бұл шаралардың барлығы аграрлық кооперацияны дамытуға және бәсекеге қабілетті өндірістердің қатарын арттыруға септігін тигізеді деген сенімдеміз, - деді Кәсіпкерлер палатасының басшысы Дархан Мырзалиев.