Қызылордалық 15 жасар Алмас Аппазов әдебиетіміздің алтын көмбесі іспеттес көлемді әрі күрделі «Қобыланды батыр» жырының 3000 жолын жатқа біледі.
Жаны жырға құштар жеткіншек сегіз жасында-ақ Тұрмағамбет оқуларында ақынның 20 өлеңін жаттап, көпшіліктің ықыласына ие болған еді. Содан бері Алмас қазақтың қара өлеңіне бір табан жақын. Жанына жаққан жырды әп-сәтте көңіліне тоқып алады. Сондай-ақ, ол қаһармандық эпостармен қатар қазақ ақындарының ұзын саны 500-ге жуық өлеңдерін жатқа оқиды. Мәселен, ұлы хакім Абайдың 175, Шәкәрімнің 105, Махамбеттің 93, Шернияз Жарылқасынұлының 5, Мұрат Мөңкеұлының 27, Мұқағали Мақатаевтың 20, Фариза Оңғарсынованың 25 өлеңімен қатар өзге де поэзия өкілдерінің туындыларын нақышына келтіре жырлайды. Жырдың кез келген шумағынан шатаспай жалғап әкететін ерекше қасиетке ие. Бүгінде Алмас талай киелі сахнада өнер көрсетіп, талай биікті бағындырып үлгерген. Ол мұндай жетістіктеріне алдымен ұстаздарының әсері жоғары болғандығын айтады.