Бүгін аудан әкімі Руслан Рүстемов Көктөбе, Қандөз, Келінтөбе, Қаратөбе ауылдық округтарында болып, тұрғындарымен кездесті.
Қандөз ауылдық округі үш елді мекеннен құралған. Олар Қандөз, Қалғансыр, Қашқанкөл ауылдары. Бүгінде 254 отбасыдан құралған 1516 ауыл тұрғындарына 704 орындық 1 орта мектеп, 10 төсектік бір күндізгі дәрігерлік емхана және 5 төсектік түнгі аурухана, 140 орындық клуб үйі, 1 кітапхана мен почта байланысы, 65 орындық «Балдырған» атты балабақша қызмет көрсетуде.
Ал мал шаруашылығымен қатар егін шаруашылығын да меңгерген дербес Көктөбе және Келінтөбе ауылдық округтерінде бүгінде халық саны мен қатар мал басы да қарқынды өсіп келеді. Атаулы жыл ішінде ауылдық округ көлемінде жеке қожалықтар есебіндегі мал басы өткен жылмен салыстырғанда артты және одан алатын өнімдер де молайды. Аталмыш ауылдарда абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары жүйелі. Ауыл көшелеріне тас төселіп, жарықтандырылған. Бұл жөнінде ауыл әкімдері баяндады.
Одан өзге кездесуде аудан басшысы 2015 жылғы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде хабарлама жасап, алдағы жоспарларымен бөлісіп, тұрғындардың талап-тілектерін тыңдады. Айта кетейік, қаңтар айының 14-нен бастау алған аудан әкімінің есепті кездесулері қаңтар айының 27-не дейін жалғасады.