Жалағаш аудандық мәдениет үйінде білім саласы қызметкерлерінің мұғалімдер күні мерекесіне арналған салтанатты жиын болып өтті.
Биылғы дәстүрлі мұғалімдер күні мерекесін білім саласы қызметкерлері өзіндік жетістіктерімен қарсы алып отыр.Ұлттық бірыңғай тестілеуден облыс бойынша ең үздік білім көрсеткішімен І орынды иеленді. Ауданымыздың 10 үздік оқушысы «Алтын белгі» иегері атанды.
Білім саласы қызметкерлерін төл мерекелерімен құттықтаған аудан әкімі Т.Дүйсебаев білім саласына басым бағыт беріліп, қолдау көрсетіліп жатқанын атап көрсетті. Соның айғағы-аудандық бюджет қаржысының 58 пайызы білім саласына бөлініп, игеріліп жатқанын жеткізді.
Аса жауапты мамандық ұстаздар қауымының ұрпақ тәрбиелеудегі ерен еңбектеріне ерекше тоқталып, бір топ мұғалімдерге Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым министрлігінің Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттарын, аудан әкімінің Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттарын, бағалы заттай сыйлықтарын салтанатты түрде табыс етті. Сонымен бірге 2014-2015 оқу жылының қорытындысымен «Білім бәйтерегі», «Жеңістің биік тұғыры», «Шабыттың ақ желкені» номинациялары бойынша ең үздік мектеп ұжымдары марапатталды.
Салтанатты жиын ұстаздарға арналған мерекелік концертпен жалғасты.