Облыста «Жасыл Қазақстан» Ұлттық жобасы шеңберінде 2025 жылға қарай 16 магистралды және шаруашылық каналдарын цифрландыру жоспарлануда.
Осыған сәйкес, биыл «Қазсушар» РМК Қызылорда облыстық филиалымен 5 жобаға сметалық құжаттама әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды. Қазіргі таңда жобаны іске асыру үшін республикалық бюджеттен қаржыландыру қарастырылуда. Сонымен қатар Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, осы жылы да теңіздің құрғаған ұлтанында 250 мың га фитоорманмелиорациялық жұмыстар жүргізіледі. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Марат Құрманбаев мәлімдеді.
-Облыс әкімінің қолдауымен былтыр облыстық бюджеттен су шаруашылығына 919 млн. теңге бөлініп, нәтижесінде 167,3 шақырым болатын 22 каналға тазалау жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ, елдімекендерге 23 насос қондырғысы алынды. Бұдан бөлек, өткен жылы облыстың су тапшылығын төмендету мақсатында Үкіметтің қолдауымен резервтен 3,6 млрд.теңгеге жуық қаржыға ұзындығы 230,1 шақырым болатын 21 канал тазаланып, 133 дана насос алынды. Сонымен қатар суды тиімді пайдалану мақсатында Австралияның «Rubicon Global» компаниясымен аймақтың суландыру жүйелерін цифрландыру бағытында бірқатар шаралар жүргізіліп, аталмыш компаниямен алдын-ала зерттеулер жүргізілді. Биылғы жылдың ауқымды шарасының бірі – ҚР Халықаралық Аралды құтқару Қорының 30 жылдығына орай өңірде Халықаралық даму бойынша әріптестердің қатысуымен Арал өңірінің өзекті мәселелеріне арналған дөңгелек үстел өтеді. Орманды көгалдандыру жұмыстарына қажетті сексеуіл мен саялы ағаш көшеттерін өсіретін 168 га уақытша орман тұқымбақтары дайындалады, - деді басқарма басшысы Марат Құрманбаев.
Брифинг барысында су саласының мамандары қазіргі Сырдария өзенінің су деңгейі туралы баяндап өтті. Айтуларынша, бүгінде Шардара су қоймасынан төменгі ағысқа секундына 800 текше метр су жіберіліп, Көксарай су реттегіш қоймасына секундына 200 текше метр су келуде. Ал Сырдария өзенінің төменгі ағысына секундына 600 текше метр су жіберілуде.
-Биыл Шардарадағы су көлемі – 3925 млн текше метрді құрады. Осыған сәйкес, Сырдария өзеніндегі төтенше жағдайдың алдын алу мақсатында Арнасай ойпатына секундына 300 текше метр су тасталуда. Ал Арал теңізіне жиналған су көлемі 19,06 млрд.текше метрге жетіп, су деңгейі көтерілді. Сондай-ақ, ауа райының күрт суытуына байланысты Сырдария өзенінде күр жүріп, иіндерінде мұз ұстасты. Қазіргі таңда жағдай толық бақылануда, - деді Арал-Сырдария инспекциясының бөлім басшысы Сейітхан Абуов.
-Бүгінде облыс аумағындағы стратегиялық маңызы бар су тораптарын пайдалану ережесіне сәйкес, қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында тразиттік режимде жұмыс жүргізілуде. Сонымен қатар, Сырдария өзеніндегі мұз ұстасу жағдайына байланысты Қызылорда су торабына дейінгі су деңгейін төмендету үшін Жаңақорған, Шиелі аудандары аумағындағы каналдармен секундына 131,5 текше метр су алынуда. Қазіргі мәліметке сүйенсек, Сырдария өзенінің солтүстік аумағында толық мұз қатуы байқалады. Ал Көктөбе су бекетінде 10-15 % күр жүруде. Дегенмен, Төменарық су бекеті тұсы күрден тазарған, - деді «Қазсушар» РМК Қызылорда облыстық филиалы директорының орынбасары Жорабек Ерназаров.