Facebook WhatsApp Instagram

Қоғам

0

Қызылордада «Алтын белбеу» иегері анықталды

Қазақша күрес - ұлттық намысымызды оятып, көрерменге шабыт, рух сыйлайтын құдіреті биік күрес.
Көшпенділерге тән ұлттық спортымызды дамыту мақсатында жыл сайын «Алтын белбеу» жарысын өткізу дәстүрге айналды.


Аймақ басшысының қолдауымен қазақ күресінен «Алтын белбеу» ақтық жарысы биыл 15-ші мәрте жалауын көтерді.
Сайыстың ашылу салтанатына арнайы қатысқан облыс әкімінің орынбасары Шахмардан Байманов облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қолдауымен жүзеге асып жатқан спорт саласындағы бастамаларды айтып, қазақ күресінің бұқаралық серпін алып, жастардың спортқа қызығушылығы артқандығын атап өтті.
Сайыста 5 салмақ дәрежесі бойынша 270-тен астам сыр бойылық палуандары күш сынасады.
Жарыста «Түйе палуан»  атанған  спортшы «Сыр Барысы»  атағын иеленіп, оған «Алтын белбеу» тағылады.
Айта кету керек, облыста балалар мен жасөспірімдерді, халықты бұқаралық спортпен қамту бағытында жаңа спорттық нысандар көптеп бой көтеруде.
Статистикалық ақпараттарға сәйкес, халықтың спорттық нысандармен қамтылу деңгейі 44 пайызды құрады.
Халықтың сұранысына сәйкес облыс әкімінің бастамасымен Сырдарияның сол жағалауынан үстел теннисі орталығы, заманауи талаптарға толығымен сай келетін жаңа стадион құрылысы жүруде.
Сонымен қатар, спорттық шаралар, ұлттық рухымызды асқақтататын ұлттық спорт түрлерінен түрлі шаралар легі қарқынды ұйымдастырылуда.
Екі күнге созылған қазақ күресінен XV облыстық «Алтын белбеу» жарысы мәресіне жетті. Дүниежүзілік көшпенділер ойыны аясында ұйымдастырылған кіші жасөспірімдер, жасөспірімдер, жастар және ересектер сайысында барлығы 36 салмақ бойынша белдесулер өтті. 
«Евразия» спорт кешеніндегі тартысты сайысты тамашалауға келген көрермендер әр салмақтағы белдесулерден соң түйе палуандардың бәсекесіне куә болды. 12 спортшы бақ сынаған додада ІІІ орын Айбек Серікбаевқа бұйырып, «Сыр сұңқары» атанды. 
Ал Еламан Ерғалиев пен Мақсат Исағабыловтың арасындағы ақтық сында кездесіп, жеңіс Еламан Ерғалиевтің қанжығасында кетті. Осылайша, «Алтын белбеу » жарысының қорытындысымен 2024 жылдың «Сыр барысы» атағын Еламан Ерғалиев иеленді. Ал күміс жүлде иегері – Мақсат Исағабылов «Сыр арланы» деп танылды. Аталған қос спортшы алдағы өтетін «Қазақстан барысы» додасында аймақ намысын қорғайтын болады. 
Белдесулерден соң марапаттау рәсімі өтіп, әр салмақтағы жеңімпаздар мен жүлдегерлерге қаржылай сыйлықтар үйлестірілді. Ал түйе палуандардың жеңімпазы мен жүлдегерлеріне алтын белбеу тағылып, иықтарына шапан жабылып, арнайы дайындалған ақшалай сыйлықтар үйлестірілді.

Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: