Қармақшы ауданы Төретам кентінде жаңа «Ай-Диас» балабақшасының салтанатты ашылуы өтті.
Ашылу салтанатына аудан әкімі Сұлтан Мақашов және «Даму» Кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ-ның Қызылорда облысы бойынша аймақтық филиалының директоры Жансұлтан Матаев қатысты. Бұл туралы «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры АҚ Қызылорда облысы бойынша аймақтық филиалының баспасөз қызметі хабарлады.
Балабақша «Бизнестің жол картасы 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы аясында ашылды. Жеке кәсіпкер Айнұр Бермағанбетова жобасын жүзеге асыру мақсатында «Даму» қорының 50% кепілдендіруімен «Қазақстан Халық Банкі» АҚ 24 млн теңгеге жеңілдетілген несие рәсімдеді.
Айнұр Бермағанбетованың сөзінше, Қармақшы ауданында 25 балабақша бар, соның тек 3-і ғана жеке меншік.
- Балабақша - бүлдіршіндерді қоғамда өмір сүруге үйрететін алғашқы әлеуметтік институт деп бекер айтылмайды. Сондықтан біздің мақсатымыз келуші балаларға барынша ыңғайлы жағдай жасау мен сапалы білім алуын қамтамасыз ету. Біздің оқыту бағдарламамыз балалардың жан-жақты дамуын қамтамасыз етеді,- дейді жеке кәсіпкер.
«Ай-Диас» балабақшасы соңғы үлгідегі ыңғайлы топтар, ойын алаңдары мен дене шынықтыру және әуен сабақтары өтетін залдарымен жабдықталған.
- Аталған балабақшаның ашылуы Қармақшы ауданындағы мектепке дейінгі мекемелердің жетіспеушілігін төмендетуге мүмкіндік береді, сондай-ақ 13 ауыл тұрғынын жұмыспен қамтып отыр,- деп өз сөзінде ескере кетті Даму қорының облыстағы филиалының директоры Жансұлтан Матаев.
Іс-шара соңында аудан әкімі барлық жиналған қауымды келе жатқан Наурыз мерекесімен құттықтап, қонақтар мен орталық қызметкерлеріне табысты еңбек пен молшылық тіледі.