Facebook WhatsApp Instagram

Қоғам

0

Аралда облыстық тәжірибиелік конференциясы өтті

Аралда облыстық тәжірибиелік конференциясы өттіАрал ауданында аудан әкімдігінің, аудан прокуротурасының ұйымдастыруымен «Рухани құндылықтар – зайырлылық кепілі» тақырыбында облыстық тәжірибиелік конференциясы өтті. Бұл жөнінде аудан әкімдігі баспасөз қызметі хабарлады.
Облыстық тәжірибелік конференцияға ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығының Діни ахуалды талдау және мониторинг бөлімінің бастығы, бас ғылыми қызметкер Әбуов Тұрар Түгелұлы , Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Шариғат және пәтуа бөлімінің маманы Бауыржан Әлиұлы, Арал ауданы әкімінің орынбасарлары Оразбаев Мұхтар Әуесұлы, Жанұзақов Қуаныш Қуантқанұлы және Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының Қызылорда облысы бойынша мешіт имамдары, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшылары, бас мамандары, жастар ресурстық орталық басшылары, мектеп басшылары, ақпараттық-талдау орталығы мамандары, республикалық және облыстық қоғамдық пікір көшбасшылары, қоғамдық бірлестіктердің басшылары, БАҚ өкілдері қатысты.
Облыстық тәжірибелік конференцияны аудан әкімінің орынбасары Мұхтар Оразбаев жүргізіп отырды. Конференция барысында алғашқы сөз легін Тұрар Әбуов алды.
– Расында, қазақты басқа халықтан ерекшелеп тұратын өзіне тән қасиеті бар. Ол – салқар даласындай кең көңілі, дастарханы жиылмайтын дархандығы, сыпайылығы, ізгілікке ұмтылған кең пейілі мен достығы. Айта берсек, далалықтарға тән даралық пен дегдарлықты негіздеген игі дәстүр, бір сөзбен айтқанда рухани құндылықтардан кенде емеспіз. Ата-бабадан аманат болып жеткен сол құндылықтардың бір парасы сан ғасырлардан бері ұласып келе жатқан ұғым-ұстанымдар болса, ал басым бөлігі асыл діннің әсерінен пайда болған дағдылар. Кез-келген мемлекеттің басты мақсаты қоғамның ілгері және қарқынды түрде дамуын қамтамасыз ету. Ол үшін бірінші кезекте бейбітшілік пен тұрақтылық қажет. Осы бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуде имандылық пен рухани және этикалық құндылықтардың рөлі қаншалықты маңызды,- деді Т.Әбуов өз сөзінде.
Келесі кезекте Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Шариғат және пәтуа бөлімінің маманы Бауыржан Әлиұлы, Қызылорда облыстық ішкі саясат басқармасы жанындағы дін зерттеу орталығының маманы Бахтияр Оспанов Есенкелдіұлы, Арал ауданы әкімнің жанындағы қоғамдық келісім төрағасы Нұралы Оспанов, аудан прокурорының аға көмекшісі Руслан Нұрлыбаевтар баяндама жасап, Қызылорда облысындағы діни ахуалдың ерекшеліктері мен өзекті мәселелеріне жан-жақты тоқталды.
Арал ауданының бас имамы Съезбек Евилханұлы да бүгінгі конференция барысы туралы сөз сабақтады: «Егемендігімізді алып, еңсені тіктеген Тәуелсіздік жылдары Кеңес кезінде құлауға шақ қалған рухани құндылықтарымызбен қайта қауыштық. Тәуелсіздік туы желбіреген 1991 жылы елімізде санаулы мешіттер болса, бүгінде оның қатары көбейді. Бір ғана Арал ауданының өзінде бүгінгі таңда 21 мешіт Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының филиалы болып өз жұмысын жасап келеді. Бұрынғы мешіттегі бірді-екілі қариялардың қатары жастармен толықты. Осының бәрі Алаш еліне берген Тәңірдің тартуы, өлшемсіз рахымы десек, сол тәуелсіз елдің тұғырын тұғырлап, туын берік ұстайтын Елбасшысын тағайындап беруі тағы бір үлкен мейірімі, нығметі деп түсінгеніміз абзал.»
Конференция қатысушылары ел азаматтарын дінді ұстануда адамзатты бейбіт қатар өмір сүруге шақыратын дәстүрлі діни құндылықтарды басшылыққа алуға баса назар аударды. Олар мемлекеттік және қоғамдық бірлестіктерді діни экстремизм мен радикализм көріністерінің алдын алуда және Қазақстандағы конфессияаралық пен дінаралық тұрақтылық пен ауызбіршілікті нығайта беруде тығыз ынтымақтастықта жұмыс жүргізуге шақырды.
Жиын нәтижесінде конференция қатысушыларына аудандық «Жас Отан» жастар қанатының төрағасы Ізбасаров Әлібек конференция Үндеуін таныстырды.
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: