ОҚУШЫ ДЕНСАУЛЫҒЫНА ЗИЯН КЕЛТІРГЕН МҰҒАЛІМІ СОТТАЛДЫ
Арал аудандық соты мектеп мұғалімін кәмелетке толмаған оқушының денсаулығына абайсызда ауыр зиян келтіргені үшін кінәлі деп таныды. Бұл жөнінде Seykhuninfo.kz ақпарат агенттіг облыстық соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Атап айтқанда, 2015 жылдың қараша айының 12 жұлдызында Арал ауданындағы мектептің бірінің тарих пәнінің мұғалімі сабақ өткізу барысында алдыңғы партада отырған кәмелетке толмаған оқушыға «алдыңа қарап, тыныш отыр» -деп, қолын сілтегенде қолындағы қаламсап ұшып кетіп, оқушының сол жақ көзіне тиген. Соның салдарынан кәмелетке толмаған жасөспірім сол жақ жанарынан айырылып, денсаулығына ауыр зиян келген.
Сотталушының қылмыстық әрекеті сотта өзінің қылмысын мойындап берген жауабымен, куәлардың жауаптарымен, іс құжаттарымен, сондай-ақ сот-медициналық сараптама қорытындысымен толық дәлелін тапқан.
Сотталушы азаматаша сот үкімімен ҚР ҚК-нің 114-бабының 3-бөлігіне сәйкес кінәлі деп танылып, оған 800 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, яғни 1 585 600 теңге сомасында айыппұл салынып, педагогикалық қызметпен айналысу құқығынан 5 жыл мерзімге айырылды. Бұған қоса, сотталушыдан жәбірленушінің заңды өкілінің пайдасына 71 318 теңге материалдық, 1 500 000 теңге моральдық шығын өндірілді.
Сот тектес оқыс оқиғалардың келешекте орын алуының алдын алып, оны болдырмауға тиісті шаралар қолдану үшін Қызылорда облыстық білім департаментінің және Арал ауданы прокурорының атына жеке қаулы қабылдады.