Жаңақорған кентіндегі «Ордакент» ардагерлер, жастар ресурстық орталығының мәжіліс залында «Үлкен ел – үлкен отбасы» жалпыұлттық жобасы аясында «Татулық, бірлік, келісім – ең асыл құндылық» атты кездесу өтті.
Келелі кездесу ұлттар достастығына арналды. Шараға Қызылорда облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы Уәлихан Ибраев қатысты. Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаевтың бастамасымен «Үлкен Ел – Үлкен Отбасы» жалпыұлттық жобасы жөнінде кеңінен баяндаған Уәлихан Серікұлы кездесу барысында ұлтаралық қатынасты нығайтуға үлес қосып жүрген бірқатар этнос өкілдерін алғыс хаттарымен марапаттады. Мұнан кейін, Жаңақорған ауданы бойынша ұлтаралық қатынастар жөніндегі эксперті Б.Өтебаев 2015 жылы осы бағытта ауданда атқарылған жұмыстар жөнінде баяндады.
Жиын соңы пікіралмасуға ұласып, ел ағасы З.Шермағанбетов, №7 Жаңақорған жасөспірімдер спорт мектебінің аға жаттықтырушысы И.Изатов түрлі ұлттар достығын сөз етті.
Бүгін мен келешек үшін бірлікті нығайту басты борыш екенін ұғындыруды мұрат еткен шараны аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ә.Төлегенов қорытып, іргесі берік Қазақстанның болашағы үшін әрбір қазақстандық тер төгуі қажет екенін жеткізді. Кездесу соңы аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасына жалғасты.