«Qazaq Air» әуе компаниясы сәуір айының 9-нан бастап, «Алматы – Қызылорда» бағытында жаңа тұрақты рейсін ашады.
Оңтүстік астана Алматымен байланыстыратын жаңа рейс аптасына екі мәрте, яғни сейсенбі және сенбі күндері қатынамақ. Әуе компаниясы сонымен қатар, болашақта рейс санын ұлғайтуды жоспарлап отыр. Барлық ұшулар заманауи, ыңғайлы, әрі жолаушыларға жақсы қырынан танылған Bombardier Q400NextGen әуе кемесінде орындалатын болады.
Алматы және Қызылорда қалаларын жалғайтын ұшақтың билет құны бір бағытқа қарай, барлық алымдарды есепке алғанда 12 497 теңгеден басталады. Ал ұшу уақыты 1 сағат 45 минутты құрайды.
«Әуе компанияның жаңа бағдар бойынша тұрақты рейсінің ашылуы аймақтағы әуе тасымалының дамуына өз үлесін қосады деп үміттенеміз», - дейді «Qazaq Air» АҚ-ның коммерциялық директоры Адель Дәулетбек.
Бүгінгі таңда Qazaq Air әуе компаниясы Астана, Шымкент, Ақтөбе, Атырау, Қостанай, Павлодар және Талдықорған бағытындағы рейстерді орындайды. Елімізге енді танылып келе жатқан «Qazaq Air» АҚ – өңірлік бағыттарда қызмет көрсететін жаңа әуекомпания. Оның 100% акциясы «Самырұқ-Қазына» АҚ-ға тиесілі.