Бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында "Қызылордажылуэлектрорталығы" МКК аумағында орын алған оқыс оқиғаға байланысты брифинг өтті.
Жауапты сала басшылары журналистерге техногенді апат туралы баяндады. Оқиға кеше, яғни 14 мамырда кешкі сағат 18.20 минутта жылуэлектрорталығының аумағындағы темірбетон түтін құбырын бөлшектеу кезінде болған. Бұзу барысында мердігер "Алтын ЛТД" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің екі жұмысшысы қирандының астында қалған. Зардап шегушінің бірі - 1963 жылы туылған азамат Айткулов облыстық медицина орталығының жан сақтау бөліміне жеткізілген. Дәрігерлердің айтуынша, оның жағдайы бірқалыпты. Ал, екінші жұмысшы 1970 жылы дүниеге келген азамат Баканов оқиға орнында көз жұмды. Айта кетейік, аталмыш құбыр 1962 жылы салынған. Ұзындығы 80, диаметрі 7,20 метр түтін құбыры 2003 жылы істен шыққан. Төтенше жағдайға байланысты тергеу жұмыстары жүргізіледі. Жұмысқа жауапты мердігер мекеме жапа шеккен азаматтардың отбасыларына материалдық көмек көрсетеді. Мекеме басшысының мәлімдеуінше, екі отбасыға да 1 миллион 500 мың теңге көлемінде көмек беріледі. Бүгін қайтыс болған жұмысшының жанұясына бастапқы көмек ретінде 500 мың теңге табысталған.