Facebook WhatsApp Instagram

Қоғам

0

Аграрлық саланың әлеуеті зор

Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында еліміздің ауыл шаруашылығының әлеуеті орасан зор екендігін атап өтіп, агро секторды дамытуға бағытталған бірқатар бастамаларды жүзеге асыруды тапсырды. 
Бұл ретте, еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету басты талап болып отыр. Осыған сәйкес, өңірді азық-түлік өндірісімен қамтамасыз ету балансын есептеп, нақты қажеттілікті анықтау бағытында жұмыс жасаудамыз деді облыс әкімінің орынбасары Бахыт Жаханов Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында.
«Бүгінгі таңда облыс халқын 29 негізгі азық-түлік тауарларының  5 түрімен 100 пайыз өз өндірісіміз есебінен қамтамасыз етіп отырмыз. 3 өнім яғни картоп, сәбіз және жылқы етімен 60 пайыздан астам қамтамасыз етілуде. Ал 7 түрлі өнім бойынша қамту көрсеткіші 20-60 пайыз аралығында. Қалған 14 өнім бойынша сырттан тасымалдауға мәжбүрміз. Осыған байланысты азық-түлік қамтамасыз ету балансының негізінде өз өндірісімізді ұлғайтатын боламыз. Алдағы 5 жылда 56,1 млрд. теңгені құрайтын 42 жобаны іске асыру жоспарлануда», - деді облыс әкімінің орынбасары.
Сонымен қатар азық түлік бағасын реттеуде көтерме тарату орталығын құру маңыздылығы айтылды. Өңірде өндірілмейтін азық-түлік тауарларын басқа аймақтардан сатып алу, тасымалдау, сақтауды жүзеге асыру үшін 2022 жылға көтерме-тарату орталығын ашу жоспарлануда. Аталған жұмыстарды іске асыру өз кезегінде азық-түлік бағаларының ұзақ мерзімге тұрақтылығы мен алқаптан сөреге дейін тауар айналымын қамтамасыз етіп, экспортқа жіберуге септігін тигізеді.
Жолдауда айтылған маңыздың мәселелердің бірі - жаңа технологиялар мен цифрландыру арқылы суды үнемдеуге көшу мәселесі. Онда БҰҰ мәліметі бойынша 2030 жылға қарай су тапшылығының көлемі 40 пайызға жетуі атап өтілді. Биыл Сырдария өзенінің төменгі ағысында вегетациялық кезең күрделі су тапшылығы жағдайында өтті. 
Бахыт Дүйсенұлының айтуынша бұл жағдай алдағы жылдары одан сайын күрделенеді. Сондықтан су үнемдеу технологияларын енгізу, суды тиімді пайдалану біздің облыс үшін өте маңызды мәселе. Осы бағытта ағымдағы жылы Жаңақорған ауданында «Қызылорда AgroPlus» ЖШС тамшылатып суару әдісімен томат өндіру жобасын бастап жатыр. Биыл 2 гектар жерде сынақ ретінде қызанақтың 10 түрлі сортының көшеттерін отырғызылды. Нәтижесі жаман емес. Әр гектардан орташа 900 центнерден өнім жиналды. Келесі жылы егер осы жобаға қажетті инфрақұрылымды жеткізуге үлгерсе, 1000 га қызанақ егу жұмыстары басталады деп күтілуде.
Сонымен бірге Жолдауда айтылған тағы бір өзекті мәселе – ол субсидиялау. Жыл сайын көрсетілген Мемлекеттік қолдауларды ұтымды пайдаланудың арқасында облыстың аграрлық саласында ауыл шаруашылығы өндірісінің дамуы тұрақты өсуде. Нәтижесінде, соңғы жылдары ауыл шаруашылығы дақылдары өнімдерінің өсімі жыл сайын артып келеді. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері мемлекет тарапынан бөлінген қолдауларды мерзімінде алуда. 
Осы жерде айта кететін жайт, биыл дақылдарды өндіруге берілетін субсидия өңдеу кәсіпорнына өткізілген майлы дақылдардың көлеміне қарай берілетін болады.
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: