Қытай мен ЕО арасындағы тауар айналымының 8% жуығы «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» дәлізі құрылысы аясында Қазақстан аумағы арқылы өтеді, деп хабарлады бүгін «Қазақстан-2050: Шығыс пен Батыс арасындағы жаңа құрлықтық көпірлер» тақырыбында өткен дөңгелек үстелде ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының директоры Ерлан Қарин.
«Сарапшылардың пікірінше, жаңа көліктік жобалар Қазақстанға транзиттік жүк көлемін Қытай мен Еуропа одағының арасындағы жалпы тауар айналымының 8 пайызына дейін арттыруға мүмкіндік беруі ықтимал», - деді Е.Қарин.
Оның айтуынша, Қазақстан тек қана Еуропа мен Азия арасындағы көліктік дәліздерді кеңейтуге ғана ұмтылмайды, шығыс пен батысты, солтүстік пен оңтүстікті жалғайтын тоғысатын магистральдер құруды көздейді.
«Қытай мен Еуропа одағы арасындағы сыртқы сауда көлемі 2020 жылға қарай қазіргі 500 млрд доллардан 800 млрд долларға жетуі мүмкін. Бұл ретте Қытай мен Еуропа одағы арасындағы жүк тасымалының үлесі 170 млн тоннаға дейін өседі», - деп мәлімдеді ол.