Бүгін облыс әкімінің орынбасары Қуанышбек Ысқақов, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Марат Делмұханов арнайы жұмыс сапарымен Арал ауданында болды.
Сапар барысында №83 орта мектепке күрделі жөндеу жұмыстары қажет екендігі, «Жазира», «Толқын» балабақшаларын, қалалық №1 кітапхананы жаңадан салу керектігіне көз жеткізілді.
Сондай-ақ, аудандық аурухананың ғимаратымен танысып, республикалық бюджет есебінен жаңадан салынатынын атап өтті.
Ал, «Жұмыспен қамту-2020 жол картасы» бағдарламасы шеңберінде күрделі жөндеуден өткізілетін №62 орта мектеппен танысу барысында жөндеуге берілген қаржыны тиімді пайдаланып, жұмыстың сапалы болуын қадағалауды тапсырды.
Келесі кезекте вокзал маңында жаңадан бой көтерген екі қабатты «Назым» тіс емханасының жұмысымен танысты. «Жұмыспен қамту жол картасы-2020» бағдарламасының II бағыты бойынша несиеге қол жеткізген А.Дабылованың қазіргі заманауи техналогиялармен жабдықталған тіс емханасына және бірнеше маманды жұмыспен қамтып отырған оңды жұмыстарына риза болып, ісіне сәттілік тіледі.